Балаларға арналған кепілді әлеуметтік топтама

174

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы заңға сәйкес,  табысы аз отбасындағы балаларға кепілді әлеуметтік топтама  осы жаңа жылдан бастап енгізіліп  отыр. «Талдықорған қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі»  мемлекеттік мекемесінің басшысы Гүлжан Оспановадан жаңадан енгізілген  әлеуметтік көмек жайлы, оны қанша бала алатындығы  турасында сұраған едік.

 — Баршамызға белгілі,  Президент  Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық сұхбат — Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты халыққа арнаған  Жолдауында атаулы әлеуметтік көмек  тағайындау және 2020 жылдан бастап аз қамтылған отбасыларының  балаларына  кепілдендірілген  әлеуметтік  топтамамен қамтамасыз ету мәселелері бойынша бірқатар нақты міндеттер атап көрсетілді. Бұл  жерде  табысы аз отбасындағы балаларға назар  аударылып отыр.  Мектепке дейінгі жастағы балалар тамақпен, гигиеналық құралдармен және білім беру саласы тарапынан да көмектермен  қамтамасыз етілетін болады,-дейді бөлім басшысы Гүлжан Аманғалиқызы.

Егер де  көпбалалы отбасы жаңа жәрдемақыны ала отырып, аз қамтылған отбасы мәртебесінде қала беретін болса,онда жанұяға атаулы әлеуметтік көмек пен балаларына кепілді әлеуметтік топтаманы қамтитын көмек тағайындалады.
Мемлекеттік  кепілдендірілген әлеуметтік топтама  көмекті Талдықорғандағы  1-6 жастағы 3520 бала, аз қамтылған отбасылардан  алады деп болжануда.  Яғни,  мектепке дейінгі жастағы  балалар үшін  азық-түлік тауарлары мен тұрмысқа қажетті  жабдықтар қарастырылған.    Азық-түлік тауарларына  түрлі жарма, пюре, шырын, сүт және т.б. енгізілген. Бұл ретте баланың жасын ескере отырып, азық -түлік жиынтығының түрі  атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы өтініш берген кезден және оны тағайындау кезеңінде көрсетілген баланың жасына байланысты анықталады.

Азық-түлік өнімдері денсаулық саласы мамандарының нұсқауымен, балалар арасындағы  темір мен басқа да дәрумендердің, минералдардың жетіспеушілігі ескеріле отырып қарастырылған. Топтамадағы тіс пастасы, балаға арналған щетка, кір жуатын ұнтақ, сабын сияқты тұрмыстық химия тауарлары тоқсанына бір рет ұсынылады.

 Ал, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін ыстық тамақ, мектеп киімдері мен оқу құралдарымен қамту, жол жүру шығындарын өтеу, сондай-ақ,  тегін медициналық қызмет көрсету қарастырылған.  Бұл жастағы балаларға әлеуметтік топтама  мектеп тарапынан беріледі.

2020 жылдан бастап, көп балалы отбасыларға төленетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы бекітілді. Бұл жәрдемақы отбасылық кіріске қарамастан барлық көп балалы, яғни 4 және одан да көп  баласы  бар аналарға беріледі. Төрт балаға – 42 496 теңге, бес балаға – 53 127 теңге, жеті және одан көп болса – 74 388 теңге.

Жоғары,  кәсіптік арнайы білім беру ұйымдарының күндізгі бөлімінде оқитын жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, көп балалы отбасылардан 92  бала білім алуда. Тұрғын үй көмегіне 680 отбасы ие болған.  Жыл басындағы  мәлімет бойынша,  1630 көп балалы ана қоғамдық көліктерде тегін жол жүру билеттерімен қамтылған.  Аз қамтылған 1621 отбасылардың үйіне өртке қарсы   арнайы құрылғы  ( датчик) орнатылған.

Талдықорған қаласында осы аз қамтылған және көп балалы отбасыларын әлеуметтік қолдау мақсатында «Жанұя» орталығы ашылғандығы белгілі. Орталық бір терезе қағидаты бойынша жұмыс жасауды қолға алған. Себебі онда,  жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі,  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік, білім, денсаулық салаларына қатысты сауалдарға жауап беріліп, қолданыстағы әлеуметтік бағдарламалар турасында хабардар етіледі.

Бұл айтылғандар  қала бойынша аз қамтылған  және көп балалы отбасылар үшін  жасалып жатқан  әлеуметтік көмектің бір ғана парасы.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK