Биыл Талдықорғанда халықты баспанамен қамту үшін құрылыс жұмыстары қарқын алмақ. Тоқтап қалған тоғыз үйдің құрылысы қайта жанданады. Жалпы, үстіміздегі жылы 1082 пәтер ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Қазір жиырма төрт үйдің жобасы дайын тұр, жеті үйдің құрылысы басталады. Жаңадан сегізінші және тоғызыншы ықшам аудандары бой көтереді. Ол аумаққа мектеп, бала-бақша салу мәселесі де қарастырылған. Одан бөлек, өндірісті өркендетуге 6,6 миллиард теңге жұмсалмақшы. Инвестициялық жобалардың арасында бірнеше ірі өндіріс орны бар. Бұл туралы қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов тұрғындар алдында берген есепті кездесуінде айтты. Басқосуға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қуаныш Асылов арнайы қатысты, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Сондай-ақ, І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен шаһар басшысының қорытынды есебіне қала тұрғындары, облыстық басқарма басшылары, облыстық және қалалық мәслихаттың депутаттары, еңбек ұжымдары мен қоғамдық ұйымдардың мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келді.

Кездесу барысында алғаш сөз тізгінін алған қала әкімі алдымен 2019 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға шолу жасады. Ғ.Әбдірайымовтың сөзінше, облыс орталығының әкімшілік ауданы ағымдағы жылдың басында 38,5 мың гектарды құрапты. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, бүгінгі күні қалада 174 мың 900 тұрғын ресми тіркелген.

«Өткен жылы біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауындағы барлық тапсырмаларды іске асырдық. Бюджеттің шығыс бөлігі 99,8 % орындалды. Қала экономикасына 66,4 миллиард теңге инвестиция тартылып, нақты көлем индексі 102,3 % құрады. Тауар айналымы бойынша жоспар 74,5 миллиард теңгеге жетті», — деді Ғалымжан Райылұлы.

Суретті түсірген Айдын Нұршанов

Қала басшысының айтуынша, құрылыс жұмыстарының көлемі 39,6 миллиард теңгені көрсетсе, ауыл шаруашылығы 23,2 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Ал, өнеркәсіпте нақты көлем индексі 107,2 % (76 млрд.теңге) құраған.

Одан бөлек, Ғ.Әбдірайымов статистикаға сүйеніп, 88 мың еңбекке қабілетті адамның 47 мыңы тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілгенін атап өтті. Бұл қала халқының 27 % қамтиды. Мүгедек азаматтардың саны 33,9 мың адамды құраса, 4 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелген, 18,5 мың азамат өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Қаладағы орташа жалақы 131 мың, күнкөріс деңгейі 27 мың теңге.

Шаһар басшысы өндіріс көлемін ұлғайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті.

«Тұрақты жұмыс орындарының аз болуы бюджет кірісінің көлеміне кері әсерін береді. Осыны ескере отырып, облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы бізге заманауи технологияларды өндіріске енгізуді, құрылыс саласына жеке инвестицияларды тартуды, сол арқылы тұрақты жұмыс орындарының санын көбейтуді, Талдықорған қаласының әл-ауқатын жақсарту міндетін қойды. Бұл бағытта 2019-2023 жылдарға арналған жоспарға сәйкес өнеркәсіп секторына 28,7 миллиард теңге инвестиция салынады. 2019 жылы 2 миллиард теңге инвестиция тартылып, 3 жаңа өндіріс орны іске қосылды. Екі  өндіріс орны кеңейтіліп, 47 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл осы салаға бюджеттен 6,6 миллиард теңге қарастыру жоспарымызда бар. Жем шығаратын «Жетісу Мажико» агрокешенді зауытқұрылысы аяқталады. Сәуір айында «Алмаз керамикс» керамогранит тақтайшалар шығаратын бірінші желі іске қосылады деп жоспарлануда. «Талдықорған» индустриялық аймағына ет өңдеу және өндіру бойынша құрғақ құрама жем және пектин шығаратын зауыттың құрылысы 9 миллиард теңгеге салынбақ. Бұдан басқа, сүт өнімдерін өндіретін «JLC Сүт» ЖШС цех салу үшін 6 гектар жер бөлінді», — деді Ғ.Әбдірайымов.

Қазір облыс орталығында екі ірі жоба жүзеге асу үстінде. Оның бірі – халықаралық стандартқа сай салынып жатқан заманауи үлгідегі жабық бассейн кешені болса, екіншісі – ұзақ жылдар бойы құрылысы тоқтап тұрған ғимаратты студенттер жатақханасына айналдыру. Қала әкімінің айтуынша бұл қос нысан алдағы уақытта шаһардағы ең көрікті ғимараттардың біріне айналмақ.

Сонымен қатар, Ғалымжан Райылұлы қаланы газдандыру, аулаларды абаттандыру, жолдарды жөндеу жұмыстары ағымдағы жылы да жоспар бойынша іске аса беретінін айтып, сөзін қорытындылады.

Осыдан кейін қала әкімі тұрғындардың сауалына жауап берді.

Сұрақ: — Қалада инженерлік желі қақпақтары ашық жатады. Бұл өте қауіпті. Осыған қашан нақты шара қолданылады?

Жауап: — Бұл мәселе біздің назарымызда. Көктем айында қаладағы барлық ашық люктерге қақпақ орнатылады. Сондай-ақ, құдықтардың қақпағы ұрланбас үшін оған құлып қойылады.

Сұрақ: — Көктал ауылындағы Жандосов көшесіне газ тартылғаннан кейін жөндеу жұмыстары жүргізілмеді. Тұрғындар әкімдіктен осы мәселені шешіп беруді сұрайды.

Жауап: — Биыл қаладағы жолдарды жөндеуге 4,6 миллиард теңге бөлініп отыр. Яғни, бірнеше көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Соның ішінде Жандосов көшесі де бар.

Сұрақ: Қалада жабайы саудаға қарсы қандай шаралар қолданып жатырсыздар?

Жауап: — Өткен жылы 925 адамға 1 миллиард 454 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның ішінде 810 азаматқа ескерту жасалды. Адамгершілік тұрғысынан біз сауда үйлерінің басшыларын шақырып, заңсыз сауда жасап жүргендерге бос жерлерден 22 орын ұсындық. Бірақ, оған көбісі бармады. Жақында, Гауһар ана көшесін жабайы саудадан тазартып тастадық. Қазір ол жер біздің бақылауымызда.

Сұрақ: — Солтүстік батыс шағын ауданында автобус аялдамары жоқ. Осыған көңіл бөлулеріңізді сұраймыз.

Жауап: — Негізі, автобус аялдамалары ережеге, белгілі бір талаптарға байланысты қойылады. Біз өткен жылы жаңадан 46 аялдама тұрғыздық. Биыл да жоспар бойынша бұл жұмыстар жалғасады. Сіз айтып тұрған аумақты қарастыратын боламыз.

Қала әкімінің есептік баяндамасынан кейін мінберге көтерілген облыс әкімі А.Баталов Жетісудағы іргелі істер жайында айтты.

– Үкіметтің кеңейтілген отырысында Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық даму барысына жақсы баға берілді. Атқарылатын жұмыс жоспары кезең-кезеңмен жүзеге асып келеді. Талдықорған – облысымыздағы барлық қалалар мен аудан орталықтарына үлгі болуы керек. Сол себепті, қаланың көркеюі мен гүлденуіне ерекше назар аударып келеміз. Өткен жылды облысымыз мол табыспен аяқтады. Жалпы өңірлік өнім 4,5 пайызға артып, 3 триллион теңгеден асты. Бұл – үлкен жетістік, — деді Амандық Ғаббасұлы.

Өңір басшысы жекелеген кемшіліктерге де тоқталды. Атап айтсақ, жер мәселесі. Бүгінгі таңда қалада 4206 гектар жер игерілмей, бос жатыр. Иесіз, құрылыс жұмыстары басталмаған бос жерлерді мемлекет еншісіне қайтарып, жерді пайдаға асыратын тұрғындарға беру керектігі айтылды. Сонымен қатар, қалада әлі күнге дейін автобус паркі құрылмай келе жатқаны, индустриалдық аймақта жұмыстың жанданбауы сынға алынды.

«Қанша айтылса да, нәтижесін көре алмай келеміз. 2020 жылдан бастап индустриалдық аймаққа, әсіресе, агроөнеркәсіп кешеніне инвестор тартып, қала жұртшылығын жұмыспен қамтитын үш зауытты салуды тапсырамын. Құрылыс өнімдерін өз облысымыздан өндіруіміз керек», — деді А.Баталов.

Осыдан соң Амандық Ғаббасұлы қала әкімімен бірге азаматтарды қабылдап, олардың жеке мәселелерін шешуге тырысты. Ол жерге Өтенай ауылдық округінің тұрғыны көгілдір отын қысымының төмендігін айтып, көмек сұрап келді. Айтуынша, кейбір күндері тіпті мүлде газ келмей қалады екен. Үйтас ауылының тұрғыны жер учаскесін жеке меншікке алуда біраз қиыншылыққа кезіккен. «Алтын бесік» балабақшасының тәрбиешісі «Педагогтар мәртебесі» заңына сүйеніп, жалақы көтеруде жекменшік балабақшалардың қарастырылмағандығын айтты. Балаларға арналған сауықтыру лагерлерінің жоқтығы да өзекті мәселеге айналған. Сонымен қатар, ауылшаруашылық саласы бойынша, қаладағы қант қызылшасын егетін жеке шаруалар өнімді жинайтын арнайы техника алуға көмектесуін өтінді. Үшінші бөлімшеден келген тұрғын жаяу жүргіншілерге арналған арнайы көпір салса, көшелерге жарық орнатса деген өтінішін білдірді. Себебі, дәл сол арада жол көлік апаттарының көп орын алатындығын мәселе етіп көтерді. Ал, ірі қара малмен айналысуға субсидия сұрап келген қала тұрғынының өтініші дәл сол арада шешілді.

Көтерілген мәселелерді мұқият тыңдаған Амандық Баталов жауапты мамандарға тікелей тапсырма беріп, орын алған олқылықтарды бақылауына алатынын айтты. Жалпы, қала әкімінің есебіне жиналған қауым облыс орталығында атқарылып жатқан жұмыстарға «қанағаттанарлық» деген баға беріп тарқасты. Өңір басшысы да әкімнің жасаған ісіне көңілі толатынын жеткізді. Дегенмен, әлі де шаруа бастан асады. А.Баталов қала әкімінен осыны назардан шығармауды тапсырды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK