Қытай билігі бұған дейін белгісіз короновирустан пайда болатын пневмонияның таралуына қарсы күресте «қателіктер мен кемшіліктер» болғанын мойындады. 3 ақпан күнгі мәлімет бойынша, елде осы дерттен 425 адам қайтыс болған, — деп хабарлайды Азаттық Радиосына сілтеме жасаған taldykorgan-online.kz

4 ақпанда Қытай Ұлттық денсаулық сақтау комиссиясы соңғы бір тәулікте 64 адам коронивирустан көз жұмып, вирус жұқтырғандардың жалпы саны 20 438 адамға жеткенін хабарлады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) короновирусқа байланысты халықаралық төтенше жағдай жариялады. Желтоқсанның соңында жаппай тарай бастаған короновирустың ошағы — Қытайдың Хубэй провинциясының орталығы Ухань қаласы. Қытайдың ауруды бақылау мен алдын алу орталығының мамандары аса қатерлі вирустың қала базарында сатылған жабайы аңнан жұққанын анықтаған.

3 ақпанда Қытай Компартиясы орталық комитеті саяси бюросының тұрақты комитеті төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл көрсету мемлекеттік жүйесін «жетілдіру» қажет екенін мойындап, жабайы аңдарды сататын заңсыз базарлармен күресуге шақырды.

Бұған қоса Қытай билігі медициналық құрал-жабдық пен хирургиялық маскілер, вирустан қорғайтын киім мен көзілдіріктер «шұғыл» қажет болып жатқанын мәлімдеді деп хабарлайды France-Presse агенттігі.

Айта кетейік, 2 ақпанда Қытай аумағынан 83 қазақстандық эвакуацияланды. Олардың елге ұшып келуі ҚР ДСМ Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығының ұйымдастыруымен жүзеге асты. Қайтып келген отандастарымыздың 80-і Ухань қаласында білім алған студенттер болып табылады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK