Ұсталған азаматқа 29 жасар әйелдің өліміне қатысы бар деген айып тағылып, мемлекетаралық іздеу жарияланған болатын.

Кісі өлтіру дерегі 2016 жылдың қазан айында Іле ауданында орын алған. Жеке үйлердің бірінде айуандықпен өлтіру белгілері бар жас әйелдің мәйіті  табылған. Дерек бойынша жүргізілген сараптамалардың қорытындысына сәйкес, жәбірленуші  пышақ жарақатынан қайтыс болған.

Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері жергілікті тұрғынның қылмысқа қатысы барын анықтады. Оқиға орнынан бой тасалаған күдіктіге 2017 жылғы ақпанда мемлекетаралық іздеу жарияланған.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында облыстық криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері күдіктінің мекенжайын анықтады. Кеше кешкісін жедел уәкілдер оны Жамбыл ауданындағы ауылдардың  бірінен құрықтады. Қазіргі уақытта іздеудегі күдікті Іле аудандық полициясына жеткізіліп, қамауға алынды», — деп хабарлайды Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Тәртіп сақшылары таратқан ақпаратқа сәйкес, адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық істі тергеу Іле ауданы полицейлерінің өндірісінде одан әрі жалғасады және облыстық Полиция департаменті өз бақылауына алады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK