Бүгін таңертең Талдықорған гуманитарлық колледжінің үшінші қабатынан студент қыз құлап, ес жимастан көз жұмды, — деп хабарлайды «Жетісу» газетінің сайтына сілтеме жасаған taldykorgan-online.kz

Таңертең Талдықорған қалалық полиция басқармасына шұғыл хабарлама келіп түсті. Ондағы ақпаратқа сүйенсек, 2002 жылы туған С.М.Елекен есімді азамат 31 қаңтар күні сағат 9.30-да «Жедел жәрдем» көлігімен Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасына жеткізілген. Науқас есін жимастан қайтыс болған. Оның Ярославский көшесі, 6 мекенжайында орналасқан Талдықорған гуманитарлық колледжінің үшінші қабатынан құлағаны анықталды.

Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Нұр Қанатұлының айтуынша, қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау үшін полиция басқармасының жедел тергеу тобы жұмысқа кірісті. Қайғылы оқиғаға байланысты колледж қызметкерлері мен студент қыздың жанындағы құрбылары тергелу үстінде.

«Жетісу» газетінің тілшісі адам өлімімен аяқталған оқиғаның мән-жайын білу үшін Талдықорған қалалық полиция басқармасы тергеу бөлімінің бастығы Сағыныш Кәріпжанұлымен байланысып көрді. Ол тергеу жұмысының алғашқы нәтижелерімен бөлісті. Оның айтуынша, қыздың терезеден өз еркімен секіргені бейнежазбаға түсіп қалған. Алдын ала ақпарат бойынша, студент өз-өзіне қол жұмсаған болуы мүмкін. Тергеу нәтижесіне қатысты толық ақпарат алдағы уақытта тағы жарияланады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK