Бүгінде ел азаматтары үшін электрондық цифрлық қолтаңба алудың пайдасы зор. Себебі, ол біріншіден, халықты қағазбастылықтан арылтса, екіншіден,  уақытын үнемдейді,– дейді мамандар. Аталған цифрлық қолтаңбаны қалай алуға болады деген көптің көкейінде жүрген сауалға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі былай деп жауап береді.

 ЭЦҚ алуға өтінімді ҚР ҰКО сайтының арнайы бөлімі арқылы онлайн режимінде беруге болады. Өтінімді қауіпсіздік мақсатында дербес компьютерден беру ұсынылады.

— Ең алдымен pki.gov.kz сайтындағы «Заңды тұлғалар үшін ЭЦҚ алу» бөліміне кіресіз.

— Одан кейін мәртебеңізді көрсете отырып қажетті ҚР ҰКО тіркеу куәліктерінің үлгісін таңдауыңыз қажет. (Ол мекеменің бірінші басшысы,  қол қою құқығы бар жұмыскер немесе қаржылық құжаттарға қол қою құқығы бар қызметкер және т.б. болуы мүмкін).
— Онлайн-өтінімді бергеннен кейін сізге оны растау үшін ХҚО-ға бару қажет. Өзіңізбен бірге жеке куәлігіңіз, уәкілетті тұлғаның растайтын құжаттары мен басып шығарылған өтінім болуы қажет. Тексергеннен кейін оператор растауды жасайды және сіз ЭЦҚ өз компьютеріңізге жүктеп, оған өз кілт сөздеріңізді орната аласыз. Осыдан соң ғана сіз электрондық үкімет порталымен жұмысты бастауыңызға болады.

ЭЦҚ пайдалана отырып заңды тұлғалар келесідей артықшылықтарға қол жеткізеді:
— Электрондық сауда-саттыққа қатысу;
— Жеке қатысуынсыз банктік операцияларды орындау;
— Жеке қатысуынсыз электронды есептерді тапсыру;
— Компанияны қашықтықтан басқару және т.б.

Сондай-ақ, ЭЦҚ-ны түрлі ақпарат жеткізгіштерінде сақтауға болады. Бірақ,  бұл ретте ол бөтен қолға түспеуін жауапкершілікпен қадағалау қажет.
Еске сала кетейік, ЭЦҚ-ның қолданыс мерзімі 1 жыл, бірақ пайдаланушы оны электронды порталда мерзімі өтіп кетпей тұрып тағы бір жылға ұзарта алады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK