Оқығаныңды айтпа, тоқығаныңды айт

107
Дереккөз

Биылғы 2019-2020 оқу жылы, әсіресе ІІ тоқсан, мен үшін үлкен жетістік десем қателеспеймін, себебі мен оқитын мектепте, яғни Талдықорған қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде үлгерімі жақсы, дарынды, кейбір пәндер бойынша қабілеті жоғары оқушыларға үлкен мүмкіндік берілді.

Атап айтсақ, ол жеке оқыту түріне ауысу бағдарламасы (персонализированное обучение). Бұл оқу түрі мектептегі өзі таңдаған пәні бойынша оқу бағдарламасын жетік білген, үлгерімі жоғары оқушыларға беріледі. Бағдарламаның оңтайлы жағы, егер оқушы түрлі себептермен, мәселен үлгерімі төмендеп кетсе немесе денсаулығында ақаулар болып жатса, онда оқушы қайта сынып оқушыларымен бірігіп, оқуын жалғастыра алады. Сонымен қатар осы оқу түрінде оқушыға екі пәнді таңдау мүмкіндігі беріледі. Оқушының таңдауын әкімшілік пән мұғалімдерімен кеңесе отырып шешеді. Алайда нақты шешімді пән мұғалімі шығарады. Мен қазақ тілі мен химия пәндерін таңдап алдым. Қазақ тілі дегенде Бауыржан Момышұлы атамыздың сөздері есіме түсіп отыр: «Қазақ тілі – cұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандыратын, өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей медет беріп, адам түгіл жағдайдың өзінің аузына құм құятын ғажайып кемел тіл» деген екен, сондықтан мен ана тілімді, ата-баба тілімді жетік меңгеруім керек. Ал химия пәнін таңдауым, болашақта дәрігер боламын, адамдарды емдеймін деген бала арманым. Сол себепті оны тереңдетіп оқып жатырмын. Түрлі республикалық, облыстық олимпиадаларға қатысып жүрмін.

Мектеп әкімшілігінің тарапынан шешім қабылданғаннан кейін ұстаздарым бірден менімен жұмыс жасауға кірісті. 9-сынып бойынша 2-тоқсанда өтетін бөлімдерге байланысты маған арнайы жеке білім беру маршруты құрастырылды. Ең бастысы екінші тоқсанда қамтылатын барлық оқу мақсаттары көрсетілген. Құрастырылған жеке білім беру маршрутында мен оқитын түрлі ғылыми, публицистикалық мәтіндер, көркем-әдеби шығармалар, көріп, тыңдайтын түрлі жанрдағы бейнефильмдер, онлайн түрінде дайындалатын кейбір сайттарға сілтемелер берілген. Оқыту түріндегі жеке, жұптық, топтық бағалауларды қамту үшін жоспарда көрсетілгендей, сабаққа кез келген уақытта қатысып жүзеге асыруға болады. Қазақ тілі мұғалімімен бірлесе отырып, сабақтың тапсырмаларын өткізу мерзімі де менімен кеңесе отырып қойылды, яғни менің жағдайыма қарай жасалды. Пән мұғалімдерім орындаған тапсырмаларыма үнемі кері байланыс беріп отырады.

Біздің Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқушыға жеке жұмыс жасауға арналған қолайлы орындар жеткілікті, өйткені кез келген жерде сабағымды отырып оқи аламын. Кітапханада түрлі әдеби кітаптармен, сөздіктермен, энциклопедиялармен жұмыс істеуге болады. Дәліздерде оқушыларға қойылған компьютерлерге отырып онлайн режімде де жұмыс жасауға мүмкіндік бар. Тапсырмаларды орындап, Edmodo сайты арқылы жібере аласың. Егер де сұрақтар туындап, берілген тақырыптар, оқу мақсаты қиындық тудырып жатса кез келген уақытта мұғаліммен жеке кездесіп немесе сабаққа қатысуыңа болады.

Менің ойымша, қазіргі таңда оқушыларға үлкен мүмкіндіктер берілуде. Сол мүмкіндіктерді дұрыс пайдалану қажет. Осы уақытқа дейін рухани азық, көкірегіме адамгершілік нұрын құя білген ұстаздарыма айтар алғысым шексіз. Талай дарынды да дара саңлақтардың өмірден өз орнын таба білуіне ықпал болған ұстаздарыма өмірдегі бар жақсылықтарды, шәкірт мерейі, отбасы бақытын тілеймін.

Жазира Искакова, Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK