Жыл сайынғы  дәстүрге сай барлық деңгейдегі әкімдердің   тұрғындар алдындағы есеп беру жиыны басталды.  Талдықорған қаласының әкімі  Ғалымжан Әбдірайымов  «Достық» үйінде  халықпен кездесіп, есеп берді.   Еркін ауылы, 9-алаң, «Шығыс», «Қаратал» шағын аудандары тұрғындарымен бірге әскери бөлімдер өкілдері қатысқан жиында ең алдымен Еркін ауылдық округінің әкімі Қайрат Матаев өткен жылы атқарылған жұмыстарға есеп беріп, алдағы жоспарымен бөлісті.

Ауылда  жаңа үлгідегі «Смарт» үлгідегі үш аялдама орнатылған. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы «Көктал» тұрғын үй алабындағы бірнеше көшеге  қиыршық тас  төселген. Болашақ көшесінде демеушілердің көмегімен балалардың  ойын алаңы құрылысы басталды.  Жаз айында қолданысқа берілмек. Ауылды  абаттандыру, көгалдандыру, ағаш отырғызу  жұмыстары үнемі назарда. «Көктал» тұрғын үй  ауданының орталық көшелерін  жарықпен қамтамасыз ету құрылғыларын орнату жоспарға енгізілген.

 Басқосуда   Талдықорған қаласының өсіп-өркендеу  жетістіктерін  Ғалымжан Райылұлы өз баяндамасында атап көрсетті.

 Әкімнің айтуынша,өткен жылы білім, денсаулық,  жұмыспен қамту, баспана, жер, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, коммуналдық –шаруашылық саласы және  «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша ауқымды жұмыстар жүзеге асырылған. «Oреn Taldykorqan — Сервистік әкімдігі» және «Адалдық алаңы» -Талдықорған»  сынды жобалар қолға алынып жатыр.

 «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысын қоса алғанда, жалпы құны 5,6 млрд. теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асты. Нәтижесінде 3 кредиттік үй,  1 коммуналдық үй, 218 коттедждік пәтер пайдалануға берілді. «7 -20-25»  мемлекеттік бағдарламасы аясында 66 тұрғын займ  алып, 42 тұрғын Талдықорғаннан, 23-і Алматыдан, 1-уі Нұр-Сұлтан қаласынан баспанаға ие болды. «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы да 136 отбасы қоныстойын тойлады. 2020 жылдың қаңтар айына дейін 8700-ден астам абонент көгілдір газға қосылды.  1- әскери қалашықта ыстық сумен қамту  жүйесі жаңартылса,  саяжайлардың  су, электр желілері ауыстырылған. №7 орта мектеп күрделі жөндеуден өткізілсе, №16 және №17  білім ошақтарының аумақтары абаттандырылды. «Көктем» шағын ауданынан алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығы пайдалануға берілді.   Алдағы уақытта  арнаулы  IT  мектеп-интернат  пен  балалардың жазғы демалысына арналған  лагерь құрылысы қолға алынбақшы.  Кәсіпорындар  ашылса, жаңа  жұмыс орындары   ашылады деп күтілуде.  Жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көлік жаңартылады.

Осы жылы  бірқатар мерейтойлық шаралар қалада ұйымдастырылады. Ол -Конституцияның  25 жылдығы, Абай Құнанбайұлы мен әл- Фарабидің  мерейтойлары,  Ұлы Жеңіске 75 жыл және Еріктілер жылына арналған шаралар. Қаламыздағы Абай атындағы мектеп –гимназияға күрделі жөндеу жұмысы жасалады.  Абай атамыздың мерейтойы қарсаңында  Талдықорған қаласында  оның ескерткіші  қойыла ма деген сауал қойылды. Оған қала әкімі: «Драма театр орналасқан ауданда Абай атамыздың ескерткіші қойылады деп жоспарланып отыр.  Жарияланған байқауда  арнайы құрылған комиссия  бес мүсіншінің жұмысын көріп, талқылады.  М.Азмағамбетовтың  жұмысы таңдалынып алынды»,-деді.

Суретті түсірген А.Нұршанов

Жиын  тұрғындардың сауалына ұласты.  Еркін ауылдық ардагерлері кеңесінің төрағасы Т.Ізбасқанов  ауылда  атқарылған  жұмыстарға  тұрғындар атынан  ризашылық білдірді.   Ауыл ақсақалы  Ә. Қазыбайұлы да    атқарылған істің бәріне де  ауыл әкімі Қ.Матаев мұрындық болып  жатқандығын айтты.  Игі істер көп. Мәселен,   өткен жазда  демеушілердің көмегімен  үйі жоқ  алты балалы ана баспаналы болған.

 Жиында  қаңғыбас ит, ауыл шаруашылығы,  аулаларды абаттандыру, көше жарығы, лифт жөндеуге қатысты мәселелер көтерілді. Мұнда айтылған  әр сауалдың маңыздылығына тоқталған Ғалымжан Райылұлы әр   сала басшыларына тапсырма берді.

Басқосудың қорытындысында жиналғандар қала және ауыл әкімдерінің атқарған істеріне «қанағаттанарлық» деп баға берді. Жиыннан соң Талдықорған қаласының әкімі Ғ.Әбдірайымов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK