Біздің мақсатымыз — қазақтілді аудиторияның сапалы білім алуына үлес қосу

302

Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Оқу жұмысы үш мәселеге тіреледі: бірі – қаражатқа, бірі – құралға, бірі – мұғалімге. Осы үш тіреуі бірдей тең болса, оқу ауытқымай, түзу жүреді. Ол үшеуі тең болмағанда оқу жұмысы аумалы жүк сияқты, орнықсыз» — деген екен. Қазіргі әлемдегі қарқынды өзгерістерге ілесуде  үнемі дамып отырған технологиялар және ресурстармен  білім саласын жаңартып отыру қажет екені анық. Қаламызда ақпараттық — комуникативтік технологияны меңгерген, креативті педагогтерге жаңартылған оқу бағдарламасына сәйкес көмек көрсетер арнайы әдістемелік орталық бар. Осы орайда «ZERDE» әдістемелік орталығының ғылыми жетекшісі, педагогика ғылымдарының магистрі Төлегенова Назиля  Қуанышқалиқызымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Фото авторы А.Нұршанов

 

-Қазір қызмет ететін «Зерде» әдістемелік орталығына қалай келдіңіз?

— ЖМУ-ға дейін арнаулы орта білімім болғандықтан ұстаздық жұмысымды ШҚО-дағы аудан орталығы Таскескендегі мектепте 19 жасымда бастап кеткенмін. Сондықтан университетті бітірген соң аталмыш мектептегі бастауыш сынып мұғалімі қызметімді жалғастырдым. Сол кезде оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін анықтап, оларға қажетті көрнекіліктер жасауға қатты қызығатынмын, содан шабыт алатынмын. Еңбек жолын бастаған алғашқы жылдарда-ақ бұл қабілетім мектеп директоры С.О. Жүнісованың көзіне түсіп, ол кісі маған «Новаторлар мектебін» ашуды сеніп тапсырды. Жас болсам да, сабақтан бос уақытта мектебіміздегі жас мамандармен қатар, кейбір тәжірибелі ұстаздарға да кеңес беріп жүретінмін. Оған менің М.Әуезов атындағы Семей педагогикалық училищесі мен ЖМУ-да алған сапалы білімім көп көмек болды деп ойлаймын. Осы кезеңде мені балаларды оқытқаннан гөрі болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін дайындау қызықтыра бастады. Бұл ойым Аягөз қаласындағы ұстаздық қызметімде тіптен күшейе түсті. Сонымен, бастауыш мектепте он жыл тәжірибе жинағаннан кейін мен студенттік өмірімді өткізген Талдықорған қаласына қайтып оралып, ЖМУ-ға Жекелей әдістемелер кафедрасына оқытушы болып орналастым. Түрлі әдістемелерден студенттерге дәріс бердім. Осы кездерде де мені пәндерді оқыту әдістемесі және дидактикалық материалдар жасау әдістемесі ерекше қызықтыратын. Алайда, сегіз жыл жұмыс істегеннен кейін отбасылық жағдайға байланысты университеттен шығуға мәжбүр болдым. Арада бір жыл өткен соң жолдасым екеуіміз «Зерде» әдістемелік орталығын аштық. 2012 жылдан бастап кәсібіммен қатар, мамандығым бойынша ЖМУ-дың магистратурасында оқыдым. Магистратурада алған білімім мен Ресейдегі ғылыми тағылымдама осы саладағы білімімді ғылыми дәрежеге көтеруге көп мүмкіндік берді. «Зерде»-де жасап жатқан өнімдеріміз сапалы бола түсті. Нәтижесінде, бұл орталық Алматы облысының мектептерін оқуға қажетті ресурстармен қамтамасыз ете бастады. Біздің ресурстарымыздың қарапайым көрнекіліктерден артықшылығы – олар тікелей дағды қалыптастыруға бағытталады. Бір сөзбен айтқанда, бұл – машықтандырғыш көрнекіліктер. Көрнекіліктерімізді қазіргі деңгейге жеткізу үшін бізге сегіз жыл қажет болды. Көп жылдар бойғы қажырлы еңбек, ұйқысыз түндер, қателіктер мен қайшылықтар осы күнге жеткізді. Кәсіби тұрғыдан өскенімізді сезгендіктен, біз енді республикалық дәрежеге шығуға ұмтылдық. 2017 жылы Білім және ғылым министрлігі, «Атамекен» ұлттық палатасы, «Болашақ» ассоциациясы бірігіп, білім саласындағы кәсіпкерлерді жинап, республика бойынша тұңғыш рет ауқымды EduTechатты білім беру жобасының стартапын ұйымдастырды. Біз өтініш берген 249 компаниямен қатар жобаға қатысып, жартылай финалға өткен елуліктің бірі атандық. Келесі кезекте 50 компанияның арасынан үздік ондық анықталды.Үздіктер қатарында біздің орталық та болды. Жеңімпаз ретінде біз республикалық педагогикалық тамыз конференциясы пленарлық отырысында жобамызды қорғап, Білім министрлігінің Ұсыныс хатымен марапатталдық. 2018жылы Алматы облысы бойынша облыс әкімі А.Ғ.Баталовтың қатысуымен ««Қазақстанның үздік тауары» аймақтық көрме-байқауы– 2018» өтті. Оған біздің орталық та қатысып, Алғыс хат иелендік. Ал, 2019 жылдың қаңтар айында І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың Білім бөлімі мен «Интенсив» ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өтетін «Қысқы мектеп» семинарына шақырту алдық. Екі күндік семинарды өткізуге бізбен бірге Оқыту және тәрбиелеу әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистры А.С.Таурбекова да атсалысты. «Дидактикалық материалдарды қолдану арқылы жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында білім алушылардың ойлау іс-әрекетін белсендіру» тақырыбында өткен семинар қатысушылардың да, өзіміздің де көңілімізден шықты. Шеберлік сабағымыз толықтай біздің құралдарымыздың көмегімен өтті. Бүгінгі таңда біздің ресурстар облысымыздың жүздеген мектептерінде күнделікті қолданыста. Талдықорған қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде де машықтандырғыш көрнекіліктеріміз ерекше сұранысқа ие. Бұл ресурстар балаларды білім алуға қызықтырады және де мұғалімнің жұмысын едәуір жеңілдетеді. Жаңартылған бағдарлама аясында қолдануға тиімді құралдарымыз көпфункционалды және бүгінгі күннің талабына сай жасалған. Әсіресе, кез келген жастағы білім алушыға кез келген мәтінмен жұмыс жасаудың тиімді құралы ретінде әзірленген машықтандырғыш көрнекілігімізді атап өткім келеді. Оның көмегімен білім алушы оқыған мәтінін терең түсініп, ары қарай білім алуға талпынады. Біздің орталықтың негізгі миссиясы – қазақтілді аудиторияның сапалы білім алуына үлес қосу. Құралдарымыз өзінің тиімділігін тәжірибеде көрсетіп те үлгерді.

— Ұстаз болуды бала күніңізден армандадыңыз ба?

— Иә, ұстаздық қызметті бала кезімнен армандаған едім, дегенмен сауда-саттық та ойда болды. 8-сыныпты бітіргенде Педагогикалық училищеге барсам ба, әлде сауда-саттық техникумына барсам ба деп көп ойландым. Соңғы шешімімді қабылдауға білім беру саласының үздігі Нағима апайым әсер етті. Бір қызығы, бүгінгі кәсібім, білім саласындағы бизнес — бала күнімде армандаған екі мамандығымның түйіскен жерінде пайда болған кәсіп сияқты. Осы ретте мен жастарға «Армандаңдар!» дегім келеді. Және сол арманға жетудегі мақсаттарды айқындап алып, сол бағытта кішкентай қадамдар жасау керек. Біз көп жағдайда балалық арманымызбен шектеліп қалатын сияқтымыз. Мұғалім болсам екен деп армандаймыз да,  сол арманның мамандықпен ғана анықталмайтынын түсінбей қаламыз. Өсе келе, біз арманымызды трансформациядан өткізуіміз қажет. Яғни, арманымыздың астарындағы түпкі мән-мағынасын өзіміз үшін анықтап, айқындалған жаңа мақсат қоюымыз қажет. Мысалы, мұғалім болуға деген ұмтылысымыз жалпы ұрпақ тәрбиесіне атсалысу арманына айналуы керек деп ойлаймын. Сонда біз арманға жетудің бір ғана дара жолы бар деген ойдан арыламыз да, ұрпақ тәрбиесіне түрлі мамандықтар арқылы атсалысуға болатынын түсінеміз. Үздіксіз білім, қажырлы еңбек, табандылық, тәжірибе, барлығы бірге арманға жетудің кепілін құрайды. Мақсат айқын болса, арман орындалады!

  • Аталмыш орталықты жолдасыңызбен бірге ашқан екенсіздер, ол кісі де педагог па?
  • Жолдасым Жанат Төлегенов Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебін тәмамдап, Қ.Сәтпаев атындағы Политехникалық университетте білім алған. Ол – баланың ұлттық тәрбиесі мен біліміне ерекше көңіл бөлетін сауатты тұлға. Педагогика маманы болмаса да, бір ерекше түйсігі қалыптасқан, жаны педагогикаға жақын, үнемі ізденісте жүретін, білім саласында өзінің орнын тапқан адам. Орталығымызда Жанат директор және бас дизайнер міндеттерін атқарады. Мен педагог ретінде оқытуда кездесетін мәселелерді қарастырамын. Содан соң біз Жанатпен бірлесе отырып, сол мәселелердің шешу жолдарын іздеп табуға тырысамыз да, соған қажетті құрал жасап шығарамыз.
Фото авторы А.Нұршанов
  • Қазіргі таңда әдістемелік орталықта қанша маман жұмыс атқаруда?Орталықта  төрт қызметкер тынбай еңбек етуде. Атап өткенімдей орталықтың басшысы Жанат Төлегенов,  сонымен қатар дизайнмен де айналысады. Өзім  зерттеу орталығының ғылыми зерттеушісімін. Математика пәнінің мұғалімі, жетекші маман – Қарлығаш Әкімханова. Көрнекілік жасаушы  және сатушы менеджер – Күлімхан Түлендиева .  Өзіміздің тікелей төрт адамнан бөлек басқа мұғалімдер мен жаттықтырушылар бар, сол кісілермен бірге ақылдасып білім саласында қандай мәселе бар соларды бірге зерттейміз де, соны шешетін бір құрал ойлап табамыз. Мысалы әдістер көп кітапта жазылады, сипаттамасы беріледі, бірақ оған қолайлы көрнекілікті ешкім жасап жатқан жоқ, біз соны жасап шығарып жатырмыз. Бас дизайнер көрнекілік жасағанда міндетті түрде түстердің үйлесімділігін ескереді. Миға қабылдауға қолайлы, анық көрінетін түстер қолданады. Ойластырылған көрнекіліктерді біз Назарбаев Зияткерлік мектебіне, 28 лицей мен 14 мектеп-гимназиясына сапасын анықтауға жібереміз.  Сол мамандардың ұсыныстарын, пікірлерін  естігеннен кейін жаппай сатылымға шығарамыз.
  • Талдықорған қаласынан өзге де  жерлерде филиалдарыңыз бар ма?

-Басқа филиал жоқ, бір ғана жерде жұмыс жасаймыз, алайда еліміздің барлық аймағына жеткізіп береміз. Бүгінгі таңда «Jet Logistic» — деген тауар жеткізуші компаниямен келісімшартқа отырдық. Қазақстанның ірі қалаларының барлығына дерлік өнімді  уақытылы жеткізіп береді.

Фото авторы А.Нұршанов
  • Мектеп ұжымдарымен жүздесіп, білім беруге арналған ресурстармен таныстырып отырасыздар. Осы ретте ұстаздар тарапынан қандай ұсыныстар айтылады?

-Осы мектептермен жүздесіп, тренинг сабақтарды ұйымдастыру қайдан шықты дейсіз ғой? «Ән аға» деген  Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шаханов туралы киноны көрген кезде мен таңқалдым, ол кісілер танымал болу үшін ерен еңбек етіпті. Халық  олардың еңбектерін тектен-тек бағалап, шығармашылығы, музыкасы керемет екен деп бірден  оларға илана қалған жоқ. Олар танымал болу үшін Қазақстан картасын үстелге жайды да «Қай жерге барамыз?» деп баратын жерлерін түртіп, белгі қойып, Қазақстанды түгелдей  аралап, сол жердің ең мықты әншісіне өздерінің әндерін ұсынып және  бірігіп ән жазған екен. Мысалы «Арыстың жағасында» деп  Арысқа барғанда жазған. Содан ойландым, «Мен олардың қасында кіммін?», «Маған да танымал болу үшін еңбек ету керек»-деп. Мен де сол түкпір-түкпірге барып, өзіміздің бұйымдарды көрсетіп, сол жердің ұстаздарына үйретіп, мықты мұғалімнен басқалары да үйренеді, көреді және көрнекіліктерді қолданатын болады. Содан біз ауылдарды аралай бастадық, әзірге Алматы облысының бірталай аудандарын араладық, жұмыстар әлі де жалғасуда. Алда бізді Семей мемлекеттік университетіне шақыртып жатыр. Ақтөбеден «Жабдықтардың барлық түрлері қажет» деген ұсыныстар келіп жатыр. Бара алмаған жерлерге онлайн- тренинг сабақтар өткіземіз.  Ұсыныстар, өтініштер өте көп түседі. Біздің кезде мысалы шығарма деген болатын, оның құрылымы мен қазіргі эссенікі мүлде басқа. Содан біз Назарбаев Зияткерлік мектебі, Назарбаев университеті, тіл мамандарымен  ақылдасып, эссе жазу алгоритмін ойлап таптық. Структурасын құрастырдық, тамаша  пікірлер айтылып жатыр. Педагогикалық шеберлік орталығымен тығыз байланыстамыз. Әр түрлі әдістерді мұғалімдерге, жаттықтырушыларға үйретіп жатыр. Олар бізге «Мына әдістің формасы керек. Методикасы мен сипаттамасы бар, ал оның құралы  жоқ» дейді.  Біз соны  ойластырып түсінікті әрі жеңіл етіп  құрал ретінде шығардық. Ішінде тірек сөздер, керекті мағлұмат бар.  Оқушылар ұмытып қалса да кестеде барлығы жазылған «Нені ескеру керек?», «Не жасау керек?», «Қандай сұраққа жауап беру керек?», «Нәтижесінде не шығады?»  дегеннің барлығы  жинақталған.

-Алдағы жұмыс жоспарларыңыз қандай?

 -Болашақта басқа қалалардан өзіміздің филиалдарымызды ашсақ деген ниетіміз бар. Ең алдымен Алматы мен Ақтөбеден бастасақ деп жоспарлап отырмыз. Тағы да көптеген байқауларға қатысып, көрмелер ұйымдастырып,  Алматы облысында ғана тренинг сабақтар өткізумен шектелмей, өзге де аймақтарға барсақ деген ой бар.                                                                                    

 Гүлжан Бимолданова, №28 IT мектеп- лицейінің бастауыш сынып мұғалімі: «Зерде» дидакт ресурстары өте жоғары дәрежеде жасалған жəне олар жаңартылған бағдарламаға толықтай сай келеді. Осындай артықшылықтарымен қатар, олар балаға өте түсінікті жəне ыңғайлы. Демек, мұғалімге де таптырмас көмекші құрал. Мен «Зерде» орталығымен 10 жылға жуық бірге жұмыс істеп келемін. Олардың жасап шығарған сапалы білім беру құралдарының барлығы  бар жəне күнделікті қолданыста.

Айнұр Жатақбаева, Алматы қаласы  «Жаңа ғасыр» №175-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі:

Жаңартылған бағдарламаға сай жұмыс істейміз деп қазіргі ұстаздар слайд колдануды дәстүрге айналдырып алды. Меніңше, АҚТ-ны (ақпараттық жəне қатынастық технологияларды) пайдаланудың керектігі сөзсіз, бірақ көрнекіліктердің пайдасы одан да зор. Мəселен,  сабағымда Зерде дидакт жасап шығарған бағалау көрнекілігін қолданып, керемет әсер алдым. Балалар шыншыл ғой, өз жұмыстарын қалай саралады десеңші. «Блум түймедағы: Сұрақ қойып үйренейік» деген құрал тіпті тамаша екен! Балалар сұрақтардың түр-түрін құрастыруды үйренді. Мұғалімдердің жұмысын жеңілдететін ерекше құралдарды еліміздің   барлық ұстаздары қолданып, жұмыстарын едәуір жеңілдетіп, балаларға   сапалы білім берсе екен деген тілегім бар.

Айнұр Таурбекова, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті «Педагогика және психология» факультетінің оқыту және тәрбиелеу әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы: 

«Зерде» әдістемелік орталығының дайындап жатқан әдістемелік ресурстары мен көрнекілік құралдары жаңартылған оқу-білім беру мазмұнын жүзеге асыруда өте маңызды рөл атқарады. Бұл көрнекіліктерді сабақтың тақырыбын ашу мақсатында, сабақтың басында, ортасында, не аяғында болсын қолдануға ыңғайлы жасалған. Тек қана орта мектептер емес, Жетісу мемлекеттік университеті «Педагогика және психология» факультетінің оқыту және тәрбиелеу әдістемесі кафедрасының оқытушылары да осы көрнекіліктермен жұмыс жасайды. Бұл ресурстар сабақта білімгерлердің белсенділігін арттырады, ойлау қабілеттерін кеңейтеді жəне жалпы сабақты қызықты өткізуге негіз болады.  Әдістемелік орталықтың жүргізіп жүрген жұмысының мазмұнының ауқымы өте кең. Тек қана ресурстар ғана емес, КҒА жұмыстарын дайындауда, жалпы, әдістемелік жүйе барысында оқытушыларға, мұғалімдерге кеңес беруде өте көп көмегін тигізуде. «Зерде» орталығы қызықты да мазмұны жағынан кең көрнекiлiктерімен қоғамда сұранысқа ие. Алдағы жұмыстарына тек сәттілік тілеймін.

                                                                                                      Эльмира ШЕРБА.

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK