Биыл Алматы облысында Абай Құнанбаевтың 175, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150, Шоқан Уәлихановтың 185, Алтын Орданың 750, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай ауқымды шаралар кең көлемде аталып өтпекші. Бұл туралы бүгін «Jetisu media» алаңына келген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев айтып берді, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

«Біз үшін 2019 жыл табысты аяқталды. Облыс жұртшылығын елең еткізер елеулі шаралар өте көп болды. Жыл бойында 50 мыңнан аса түрлі мәдени шаралар атқарылды», — дейді М.Көлбаев.

Басқарма басшысының сөзінше, үстіміздегі жылы да Алматы облысының тұрғындары түрлі мәдени шаралардың куәсі болмақ. Солардың ішіндегі бірегейі – Мемлекет басшысы бекітіп берген Абайдың 175 жылдық мерейтойы.

Мәрлен Қапашұлы ақпан мен наурыз айларында ұлы ақынның мерейтойына орай «Абайға арнау» атты ақын-жазушылар арасында байқау жариялайтындықтарын айтты.

Мәрлен Көлбаев

«Жеңімпаздарға жүлде қоры қарастырылған. Кейін барлық арнауларды жинастырып, кітап шығару жоспарымызда бар. Одан бөлек, қазір Абайға арнап ерекше қойылым дайындауды ойластырудамыз. Бүгінде ақынға арналған театрлық спектакльдердің көбісі портреттік нұсқада. Біз соған бірнеше өзгерістер қосып, ерекше етіп шығару жоспарымызда, — дейді.

Сондай-ақ, М.Көлбаев Талдықорғанға қойылғалы жатқан Абайдың ескерткішіне де тоқталып өтті. Айтуынша, қазір қала әкімдігінде осыған орай арнайы байқау жарияланған. Бүгінде ескерткіштің нақты қашан және қай жерге орналасатыны қарастырылуда.

Бұдан бөлек, жиын барысында Ұлы Отан соғысына арналып салынған өңірдегі ескерткіштердің барлығы жөндеуден өтетіндігі сөз болды. Барлық жұмыстар Наурыз мерекесіне дейін аяқталуы керек. Оның тиісті қаражаты да бөлінген. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қазір аудан әкімдері жұмыстарды жүргізу үстінде. Жеңістің 75 жылдығына байланысты соғыс ардагерлеріне арналып, кітап та дайындалмақшы. Ұлы тұлғалардың құрметіне орай танымдық кештер, халықтық театрлар фестивалі жыл бойы жалғасады. Бұл шаралардың бүгінде республикалық жұмыс жоспарлары бекітіліп, бағыттары айқындалған.

Суретті түсірген Айдын Нұршанов

Сонымен қатар, облыс әкімінің қолдауымен жарық көретін жергілікті ақын-жазушылардың кітаптары өз ретімен шыға беретін болады.

Ал, баспасөз мәслихатының сұрақ-жауап кезеңінде басқарма басшысы мәдениет үйлерін жөндеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Бүгінде жөндеуден өтетін 6 мәдениет үйінің құжаттары дайын тұр. Жоспар бойынша, 2 мәдениет үйіне күрделі, 10-нан астам мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмекші.

«Біз алдымен мұның тиімділігіне баса мән береміз. Мәселен, кейбір мәдениет үйлерін жөндеуден өткізу үшін 400 млн. теңге керек. Бұл – өте қымбат. Ал, ол жерде тұратын халықтың саны 500-ден де аспайды. Яғни, алдымен қажеттілігі маңызды елді мекендерді анықтап, біз соған қарап сұраныстар енгізіп жатырмыз. Сонымен қатар, облыс әкімінің тапсырмасына байланысты кешендер салу жоспарымызда бар. Ол жерде мәдениет үйінен бөлек, кітапхана, спорт залы, жастар және ардагерлер отыратын арнайы бөлімдер болады. Қазір осыған ұсыныстар енгізудеміз. Егер қолдау тапқан жағдайда, қосымша хабарланады», — дейді брифинг қонағы.

Жалпы, 2018 жылы облыста 9 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтсе, 2019 жылы 3 мәдениет үйіне күрделі, 7 мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK