Жақын күндері Талдықорғанда «Жанұя» орталығы ашылады. Бұл жерде құқықтық, психологиялық консультациялар және мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмек жайында тұрғындарға толық мәлімет беріледі. Сондай-ақ, баланы балабақшаға кезекке қою, көпбалалы аналарды жұмыспен қамту сынды бірнеше мәселелер қаралмақ. Бүгінде аталмыш орталықты ашу үшін жергілікті бюджеттен 35 млн. теңге қарастырылыпты. Бұл туралы бүгін «Jetisu media» алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

«Мемлекет басшысының 2020 жылғы әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыру» тақырыбын арқау еткен баспасөз алаңына Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Заида Ілімжанова, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон кмитетінің Алматы облысы бойынша депатраментінің бастығы Зиядин Байғожаұлы қатысты.

Спикерлер жоғарыда аталған Президенттің тапсырмасы – қазақстандықтардың жағдайын жақсартуға, халықтың аз қамтылған топтарының табысын арттыруға, білім беру мен денсаулық сақтау саласын жақсартуға бағытталғандығын атап өтті.

Батыржан Байжұманов

Әкім орынбасары Б.Байжұмановтың айтуынша, 2019 жылдың қаңтар айынан бастап Алматы облысында кәсіпорындардағы 100 мың қызметкердің, бюджеттік ұйымдардағы 102 мың қызметкердің және атқарушы органдардағы 3,5 мың қызметкердің жалақысы өскен.

Ал, 2020 жылдың басынан бастап, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 60 мыңнан астам мұғалімнің жалақысы 25 пайызға артады. Мәдениет, өнер, спорт және мұрағаттағы 5 мың қызметкердің жалақысын 30 пайызға, 3,8 мың дәрігердің 30 пайызға және 12,2 мың медбикенің 20 пайызға, 3,1 мың әлеуметтік қызметкердің орташа есеппен 30 пайызға жалақысын көтеру көзделуде. Сонымен қатар, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға да көңіл бөлінбек.

«Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында АӘК-ті (атаулы әлеуметтік көмек) төлеу тетігін әділ және халықты жұмыс істеуге ынталандыратындай етіп түзетуді тапсырған болатын. Мемлекет ең алдымен балалар мен көп балалы отбасыларға көмектеседі. Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек, мемлекет жұмыс табуға немесе шағын бизнеспен айналысуға көмектеседі», — деп атап өтті Б.Байжұманов.

Осыдан кейін Батыржан Құлаймергенұлы қазіргі таңда облыста 43 мыңға жуық отбасыда 4-тен астам бала бар екендігіне тоқталды. Айтуынша, көп балалы отбасыларға республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылар беріледі. Яғни, бұл қаражат үлкен отбасылардың (4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар) табысына қарамастан төленбек. 4 балаға — 42 496 теңге, 5 балаға — 53127 теңге, 6 балаға — 63 757 теңге, 7 және одан көп балаға — 74 388 теңге беріледі.

Алдын ала мәліметтер бойынша, 18 жасқа дейінгі 83 мың баланы кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамту жоспарланған, бұл мақсатқа 3,7 миллиард теңге бөлінген.

Ал, АӘК мөлшері, әдеттегідей, жан басына шаққандағы орташа кіріс пен отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы 70 пайыз арасындағы айырма болады. (кірісі жоқ отбасылар 2019 жылығымен бірдей алады)

Тағы бір айта кететін жайт, аз қамтылған отбасылар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакет енгізілген. Оған мектеп жасына дейінгі балаларға – балалар тағамы мен гигиеналық заттар (31644 бала), мектеп жасындағы балалар үшін — мектептердегі ыстық тамақ, мектеп киімдері мен керек-жарақтарын сатып алу, жол жүру шығындарын өтеу (52681 оқушы) кіреді.

Сонымен қатар, жиын барысында биыл халықтың әлеуметтік осал топтары үшін аймақтық әлеуметтік картаны жүзеге асыру жалғасатыны айтылды. Оған көп балалы аналардың коғамдық көліктермен тегін жүруі, мектепке дейінгі мекемелердегі ата-аналық төлемдеріне субсидиялар, газға қосу және білім беру гранттары кіреді.

Атап айтсақ, өткен жылы Әлеуметтік картаның арқасында көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға 3,5 миллиард теңге көлемінде әлеуметтік қолдау көрсетіліп, 106 мың адам қамтылған.

Б.Байжұманов 2020 жылы Алматы облысында 6 мектеп (3000 оқушы орны) салу жоспарда бар екендігін де атап өтті. Одан бөлек, үстіміздегі жылы облыстың мектеп-интернаттарын күрделі жөндеуден өткізуге және материалдық-техникалық базаны нығайтуға жергілікті бюджеттен 300 млн. теңге бөлінгенін айтты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK