Суретті түсірген Айдын Нұршанов

Депутаттардың  Жетісу өңіріне сапарлары жалғасуда. ҚР  Парламент Сенатаның депутаты Ләззат Сүлейменнің  Талдықорған қаласындағы  жұмыс сапары «Jetisy Hub» IT орталығынан  басталды.Бұл жерде балалардың жасаған жобаларымен танысып,  «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының аясында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

Мұнан әрі Бикен Римова атындағы облыстық драма театрына да ат басын бұрды.  Соңғы үлгіде салынып, халыққа  өнерлерімен  танылып жатқан ұжымда бүгінде жас актерлер  қызмет жасайды. Бес жүзден астам көрермен сиятын театрдың репертуары  өте бай, жаңартылып отырады. Алдағы Абай атамыздың мерейтойына арналған қойылымды сахналап, жетісулық көрермендерін қуантпақшы. Сондай-ақ, ұлттық арнаның  «Жаңғырық» түсіріліміне облыстық театрдың  әртістері қатысқанның өзі үлкен жетістік.  Өткен жылы аудандық театрлар қойылымы да облыс жұртшылығына насихатталған.

 Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблея төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай игі істермен таныстырды. Береке мен бірлігі жарасқан ұлт өкілдерінің басын біріктірген ұйымның өзіндік орны ерекше. Мұндағы «Белсенді өмір сүру орталығы», облыстық орыс орталығы қоғамдық бірлестігі, тіл оқыту және  медиация орталығының атқарған жұмыстары   жеке-жеке сараланып көрсетілді. Әсіресе, медиация орталығы  өткен жылы 1300 мәселені татуласу жолымен шешкен. Жасөспірімдер төбелесі, отбасылық кикілжің, жас отбасылардың ажырасуы тәрізді істерде бітімгерлік жол тиімді. Ләззат Жаңылысқызы   депутаттар алдағы уақытта қоғамдық бітімгерлік туралы заңды  қарауы да мүмкін деген ойын білдірді.  Сапар барысында Сарқан, Ақсу аудандарында тұрғындармен кездесу барысында екі жақты бітімгерлік, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік салаға қатысты сауалдар көтерілген.

Ал, Ассамблея жанындағы Аналар кеңесінің атқарған істері ауыз толтырып айтарлықтай. Отбасындағы әке мен ананың рөлі өзіндік маңызға ие. Аталар құқығы, олардың айтар ақылын да дәріптеу мақсатында елімізде аталар кеңесін құру да қажет нәрсе екендігін халық қалаулысы атап көрсетті.

«Мемлекет басшысының  Жолдауында айтылған міндеттер тұр­ғын­дармен кездесу барысында сөз болды. Жұмыс сапары барысында   Алматы облысының бірнеше ауданы мен Талдықорған  қаласында болып, әлеуметтік-мәдени мекемелердің жұмысымен таныстым. Жұртшылықпен  кездесулер өткізіп,  еліміздің әлеу­меттік-экономикалық ахуалын жақсартуды көздейтін шараларды  іске асыру туралы баяндадым. Парламенттің 2019 жылғы заң шығару жұмысының қорытындылары туралы айтылды. «Педагог мәртебесі туралы» және де әлеуметтік салаға қатысты заңдар уақтылы қабылданды деп ойлаймын. Көпшіліктің пікірі де осыған саяды»,-дейді Парламент Сенатының депутаты Л.Сүлеймен.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK