Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет. Алайда, соңғы жылдары әлемде қалыптасқан 7 мың термин қазақ тіліне аударылған. Мұндай «жаңалықтар» кейде күлкіңді келтіреді. Бұл туралы Елбасының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауында айтылды, деп хабарлайды taldykorgan-online.kz тілшісі.

Елбасы «ғаламтор» (Интернет), «қолтырауын» (крокодил), «күйсандық» (фортепиано) және тағы сол сияқты сөздерді мысалға келтірген. Мұндай аудармаларды қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керектігі айтылды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы: «Латын әліпбиіне көшу бұл мәселені реттеуге мүмкіндік береді. 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасау қажет. Орыс тілін білу маңызды болып қала береді. 2016 жылдан бері жаңартылған бағдарлама бойынша орыс тілі қазақ мектептерінде 1-сыныптан бастап оқытылып келеді. 2019 жылдан 10-11-сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталатын болады. Нәтижесінде, біздің барлық түлектеріміз елімізде және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеретін болады. Сонда ғана нағыз азаматтық қоғам құрылады», деп атап өтті.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK