Талдықорғандағы «Жетісу – адалдық алаңы» кеңсесінде «Сапалы жол» жобасы аясында атқарылған жұмыстар сараланды. Облыс орталығындағы әр саланың жетекші мамандары қатысқан басқосуда қысқы мезгілдегі автокөлік жолдарын күтіп ұстауға қатысты мәселелер талқыланды.

Басқосуда сөз алған Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі  Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев: — «Қазір қысқы маусымдық суықтың келуіне байланысты автокөлік жолдарының жағдайы өзекті мәселелердің біріне айналуда. Сол үшін мамандар жолдарды қорғап, дер кезінде  қардан тазартып, көктайғақтың алдын алып, көлік құралдарының үздіксіз және қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету жұмыстарын ойдағыдай жүргізуі тиіс» -деп атап өтті.

Кездесуде Алматы облысы полиция департаменті жол-техникалық инспекция бөлімінің басшысы Тынысбек Чарапиев, облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысының орынбасары Серік Самұров, «ҚазАвтоЖол Ұлттық компаниясы» АҚ жол қозғалысының қауіпсіздігін ұйымдастыру бөлімінің басшысы Есен Оспановтар осыған дейін атқарылып жатқан жұмыстар жайын баян етті. Осыдан соң ортаға қойылған әрбір өзекті мәселелер талқыланып, бейнесұрақтарға жауап қайтарылды. Сондай-ақ қатысушыларға  арнайы бейнедеректер көрсетілді.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен 2019 жылы 10 маусымнан бастап «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі шеңберінде «Сапалы жол – адалдық алаңы» жұмыс істеп келеді. Бұл жобаның  басты мақсаты – автомобиль жолдарын жөндеу, салу және қайта жаңарту саласындағы жұмыстың ашықтығын қадағалау. Сондай-ақ көлік жолдарының сапасына қоғамдық бақылауды күшейтіп, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу.

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK