Талдықорғандықтар жаңа 2020 жылды «Жастар» саябағында қарсы алды. Жетісулықтарды мерекемен Алматы облсының әкімі Амандық Баталов құттықтап, ақжарма тілегін арнады.

«Біздің облыс үшін 2019 жыл табысты да берекелі болды. Алдымызға қойылған мақсат міндеттерді абыроймен орындадық. Барлық көрсеткіш бойынша өсімге қол жеткіздік. Көп әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер салдық. Осының барлығы еліміздің тұрақты дамуы мен халқымыздың ауызбірлігінің арқасы. Алдағы жылы да еліміздің әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстарымызды жалғастырамыз. Бұл орайда ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы нақты міндеттер қойып отыр. Баршаңызды жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Өлкемізді өркендету үшін бірлесе еңбек ете берейік!» — деді облыс әкімі.

Жаңа жыл мерекесіне орай Талдықорғанда орналасқан барлық ғимарттардың қасбетін безендіру бойынша ұйымдастырылған байқау қорытындысы шықты. Байқауға қатысушыларды шаһар әкімі Ғалымжан Әбдірайымов құттықтап, бағалы сыйлықтар тапсырды. Сонымен, ынталандыру сыйлықтарымен ғимараттарын талапқа сай әсемдеген Мар-мар мейрамханасы, Кишлак мейрамханасы, Талдықорған сервис және технология колледжі, Абай атындағы №1 орта мектеп, № 9 орта мектеп, Талдықорған жоғары медицина колледжі, «Қазпошта»АҚ Алматы облыстық филиалы марапатталды.  Үздік үштікті «Теңізхан» кафесі ұтып алса, жүлделі екінші орынды «Қазақтелеком» АҚ Алматы облыстық филиалы қанжығасына байлады.

Ал, байқау жеңімпазы болып Талдықорған орман шаруашылығы мемлекеттік коммуналдық мекемесі танылды.

Жетісулық өнерпаздардың ән-биіне тамсанған талдықорғандықтар мерекелік отшашуды тамашалап тарасты.

Жаңа жыл құтты болсын! Әр шаңыраққа бақ, береке, ырыс, құт қонсын!

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK