Бүгін Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов ауыл шаруашылығы бөлімі және статистика басқармасының мамандарымен бірге облыс орталығындағы комуналдық базарға барып, жәрмеңкеге қойылған азық-түліктің бағаларын тексерді, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Бүгінде «Жерұйық» базарында сауда қызып тұр. Әсіресе, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында тұтынушы халық пен тауарларын саудаға шығарған қалың саудагерлер базар көркін қыздыра түскен. Мұнда іздеген затыңның барлығы табылады. Яғни, ет, балық, сүт өнімдері және жеміс-жидек пен көкөністің түр-түрі сөрелерде менмұндалап тұр. Қала тұрғындары үшін ауылдың осындай таза өнімдері қашанда сұранысын жоғалтпаған.

Алайда, алыс-жақын аудандардан келген тауар өндірушілері мерекеге орай бағаны тым шарықтатып жіберіпті. Жәрмеңке деген аты болмаса, тауар құны орталық базардан асып түспесе, кем емес.

Шаһар басшысы келген бойда алдымен ет бағасына назар аударды. Мәселен, мұнда сиыр етінің бір келісі 1900-2200 теңгенің аралығы болса, қазақ халқы сүйсініп жейтін жылқы еті 2500 теңгеден сатылуда. Егер қой етін қаласаңыз әмияныңыздан 1800-2000 теңге шығаруға тура келеді. Ал, шошқа еті 1500-1700 теңгенің аралығын көрсетіп тұр.

Осы орайда шаһар басшысы бағаны көтеріп жіберген саудагерлермен сөйлесіп, еттің құнын тым қымбаттатпауды сұрады.

«Мереке екен деп бағаны көтеріп жіберуге болмайды ғой. Мұндағы өнімнің барлығы тұрғындарға қол жетімді болуы тиіс. Осыны ескеріңіздер», — деді қала әкімі саудагерлерге қаратып айтқан сөзінде.

Бір қызығы осыдан кейін сатушылардың біразы бағаларды түсіріп, тауар құнын өзгертіп қойды.

Сондай-ақ, Ғалымжан Әбдірайымов сүт өнімдерінің және жеміс-жидек пен көкөністердің де бағаларын тексеріп өтті.

Талдықорған қаласы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрбол Қалиахметов:

— Қазір мереке қарсаңында көптеген сауда орындарында бағаның көтерілу мәселесі қарастырылған. Біз осыған орай тауар құнын тым көтеріп жібермес үшін қаланың барлық жеріндегі саудагерлермен сөйлесудеміз. Алдағы уақытта да баға тұрақты болады деген үмітіміз бар. Себебі, біздің тарапымыздан күнделікті қадағалау жұмыстары жүргізіліп тұрады.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK