Алдағы үш жылда Талдықорған қаласы бюджетінің шығындары 147,8 млрд теңге көлемінде жоспарлануда. Оның ішінде 56,4 млрд теңгесі тек 2020 жылдың еншісіне тиесілі. Бұл туралы бүгін Талдықорған қалалық мәслихатының кезекті LXIII сессиясында мәлім болды. Шараға шаһар басшысы Ғалымжан Әбдірайымов бастаған қала активі түгел қатысты.

Депутаттар алдында үш жылдық бюджет туралы егжей-тегжейлі баянадаманы қалалық әкімдіктің Экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Қайрат Маженов жасады. Айтуынша, облыс орталығының келер жылғы бюджеті биылғыдан (2019 жылғы қала бюджеті 41,8 млрд теңгені құрады) 14,6 млрд теңгеге көбеймек. Алдағы 3 жылда қаламыздың тек білім беру саласына 54 млрд теңгеден астам, ал әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру бойынша 19 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылып отыр. Тағы бір жаңалық, алдағы 3 жылда қаламызда дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 177 млн теңге бөліну жоспарланып отыр.

Алдағы жылы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Осыған орай қаламыздағы Абай атындағы № 1-мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін 403 млн теңгеден астам қаражат бөлінбек. Сонымен қатар, Семей қаласындағы М.Әуезов даңғылы бойындағы «Абай жолы» жаяулар аймағын абаттандыруға 500 млн теңге бөлінеді.

Бұдан бөлек, Талдықорғанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына 2022 жылды қоса есептегенде 31,5 млрд теңгеден аса, ал көлік және коммуникацияны дамыту үшін 14 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылған.

Қалалық мәслихат депутаттары бюджет жобасын бірауыздан мақұлдап, бекітті.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK