Қазақтың ғұлама ақыны, ұлы  ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы қарсаңында Талдықорған қаласында  оның шығармашылығын насихаттау, жастарға патриоттық тәрбие  беру мақсатында ескерткіш мүсінін орнату мақсатында ашық сәулет байқауы жарияланған еді. Қала аумағында орнатылар ескерткіштің мүсіндік жобасын талқылаған ұйымдастыру комитеті мен сараптамалық кеңестің отырысы өтті.

Қала әкімінің  орынбасары Сәуле Арзанбекова бұл байқаудың мақсаты – Абай Құнанбайұлының ескерткішін жасау және тұғырға орнату үшін мүсіндік макетті таңдау, жалпы өнер туындысында мәдени, ұлттық дәстүр мен кәсіби өнердің  сақталуына  мән беру керектігіне тоқталды.

Негізінен, 2019 жылдың 1 қараша мен 1 желтоқсан аралығында жарияланған байқауға 5 мүсінші өз туындыларын ұсыныпты. Кеңес мүшелері мен сарапшылар жұмыстарды түгелдей қарап, өз пікірлерін білдірді.

-Ел танитын Абай атамыздың жарқын бейнесі Талдықорған төрінен орын алса, ол біз үшін үлкен қуаныш. Мүсіндік жобаларды көріп шықтық. Оның әрқайсысы өзіндік ой, идеяға құрылған  өнер туындысы екендігіне сөз жоқ. Алайда, көбінесе, суретшілер де, мүсіншілер де  Абайды сомдағанда Ыдырыс Ноғайбаев сахналаған бейнеге ұқсатып жатады. 59 жасында дүниеден озған ақынды ақсақал етіп сомдап керек емес. Ол ойшыл, ғұлама адам болғандықтан  ел көңілінен шығатындай мүсіндік өнерде асқан шеберлікпен Абай бейнеленуі тиіс. Мен ақынның туған жеріндегі, басқа да қалаларда қойылған ескерткіштерді көрдім. Кезінде  Алматы қаласындағы  Абай даңғылы  бойындағы мүсінді орнатарда  арнайы  комиссия заңғар жазушы, Абайды әлемге танытқан Мұхтар Әуезовпен ақылдасқан көрінеді.  Қаншама уақыт өтсе де, Абай ақынның  мүсіні   алыстан менмұндалайды,-дейді Абай атындағы ҚазҰПУ  «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жабал Шойымбет.

Қазылар алқасының  таңдауы  мүсінші М.Азмағанбетовтың туындасына түсті. Алайда, мүсінші өнер туындысын  идея мен  мазмұн жағынан   жетілдіріп, толықтыруы қажет.

Алдын ала ақпарат бойынша, ескерткіш Талдықорғанның кіре берісіндегі Б.Римова атындағы облыстық драма театр алдына орнатылуы мүмкін.

Арнайы комиссия Талдықорғанға қойылатын Абай ескерткішінің нұсқаларын таңдауда. Байқауға 5 жұмыс ұсынылған.

Posted by Талдықорған газеті on Kolmapäev, 25. detsember 2019

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK