Қатпары қазынаға толы қазақ даласы  қай құндылықтарға да бай. Бір шеті  Алтай мен Атыраудың арасын жалғап, енді бір қиыры Алатау мен Арқадан ары асып жатқан ұлан-ғайыр өлкеде не жоқ дейсіз? Қоңыр аңы қойша өрген орман-тоғайлы атыраптары,  аққу-қазы қалықтап, балығы тайдай тулаған өзен — көлдері өз алдына. Таңғажайып  табиғатына тереңдей бір бойлап кетсеңіз, ғасырдың сырын ғасырға жалғап жатқан небір тылсымдарға куә болып қайтарыңыз анық. Жер жаннаты-Жетісу- міне сондай ғажайыптарымен баурайтын, шуақты да, шұрайлы өлке.

Кезінде Асан қайғы бабамыз желмаясына мініп, жерұйығын іздеп шыққан сапарында: «Мынау Жетісудың ағашының әр бұтағы толған жеміс екен, шаруаға жайлы қоныс екен» — деп тұжырымдапты. Жазиралы өлкенің тұмса сырына қаныққыңыз келсе, мың естігеннен бір көрген артық. Жақында біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен аумағы  520 мың гектар жерді алып  жатқан «Алтын емел» ұлттық қорығын  аралауға аттандық. Өткеннен өнеге алып, өмірден өрелі ой түю мақсатында қолға алынған бұл бастаманың шынымен маңызы зор. Біз алдымен сан салалы  Сарыөзектің жыра-жылғаларын артқа тастап, ұлтымыздың ұлы ғалымы, саяхатшы Шоқан Уәлихановтың еңселі ескерткіші мен мемориалдық мұражайына ат басын тіредік.

 Мұражайдың қызметкері  Маржан Жақыпбекованың айтуынша,  аталмыш нысан 1985 жылы  есігін   ашып,  соңғы уақытта  қайта жаңартылған. Онда ғалымның өмірі мен шығармашылығынан, Қашқария, Құлжа өңіріндегі сапарынан сыр шертетін 1000-ға жуық құнды бұйымдар сақталған. Ескерткіш таза қоладан құйылған. Жалпы биіктігі 5,5 метр.

Шоқан  Шыңғысұлы 1858 жылы өзінің шығысқа  саяхатында  43 атты  адам мен 101 түйеге мүлік артып,  Алтын емел тауын асқан екен. Келесі кезекте сол асуды  біз де асып, Басши арқылы Қату мен Ақтауға қарай  бет алдық. Темір  тұлпарды тізгіндеп, жүйткіген сайын арқар жон, ұсақ адырлар мен ойдым-ойдым ойпаңдар ойсырап артта қалып жатты. Ақын Қадыр Мырза Әлі тілімен  жеткізсек:

Кешкі салқын сәл басып алауыңды,

Жүректегі табады  қалауыңды.

Бесті қымыз секілді жусан исі,

Жарып кете жаздайды танауыңды.

Көп өтпей  алуан пішінді тастарымен бүкіл ынта-пейілімізді аударған Қатудың қойнау-қойнауынан көз алмай, онымен салалас жатқан Ақтауға да келіп жеттік. Қызыл, жасыл, ақ, көк түстерге әдейі бояп қойғандай  көрініс беретін түйе өркеш шоқылардың ең биігі 1000 метр. Алтын емел ұлттық қорығының туризм бөлімінің маманы Жансерік Елубаев: «Ғалымдардың зерттеуінше, осыдан шамамен 50-60 миллион жыл бұрын осы Ақтау аумағында үлкен теңіз болған. Оны 1996 жылдан басталған  қазақ және ағылшын ғалымдарының зерттеу нәтижелері толық айғақтап отыр. Мәселен, бұл жерден аталмыш дәуірлерде өмір сүрген су жануарлары мен динозаврлардың, тасбақалардың қаңқа сүйектері табылған. Әрі теңіз түбінің  түрлі өсімдіктері, балдырлары көптеп кездескен. Сонымен бірге, мұндағы  тауларды «Борлы тау» деп те атайды. Себебі, оның сыртқы қабаты біраз қатты болғанымен іші өте үгілгіш келеді. Ал, таудың белдеу-белдеу сызықтары әр дәуірдегі судың қай деңгейде сақталғанын өзі-ақ әйгілейді» — деді.

Осыдан соң аң-құстардың 260 түріне  мекен болған кең өлкені кесіп өтіп, көлік басын әйгілі Айғайқұмға бағыттадық. Жол бойы үрке қашқан қарақұйрық пен құланның топ-топ шоғыры жиі ұшыраса берді. Қорықшалардың берген мәліметіне сүйенсек, бүгінде бұл аймақта сүтқоректі түз тағысының 78 түрі бар. Оның 11-і қызыл кітапқа енген. Соның ішінде мұндағы қарақұйрықтың саны 6 мыңға жуықтаса, құлан 4 мыңнан асады.

Әу, дегенше, сайын даланың сары керішті алқабын ұршықша иіріп аңыздар ақиқатына айналған Айғайқұмға да келдік. Айтса айтқандай. Ел азаматтарын айтпағанда, жылына неше мың шетелдік саяхатшы тамашалауға келетін бұл құмның жаратылысы да өзгеше. Текелі қаласының тұрғыны, өлкетанушы Бақытжан Молдыбаев: «Айғайқұм қазақ жеріндегі жеті кереметтің бірі. Бұл өзі үлкен Қалқан және кіші Қалқан тауларының ортасына орналасқан. Айналасы боз топырақты дала мен жартасты таулардың арасына үйіліп қалған құмның тылсым сыры 18 мың ғаламның жаратушысы жалғыз Аллаға ғана аян.  Мұндағы бір қасиет, қанша қатты жел соқса да  құм ешқайда  бытырап  кетпейді. Әрі ғасырлар бойы бұл құм тау өз пішінін еш өзгертпеген. Тек кейде шығыстан, кейде батыстан ұйтқыған желдің әсерінен жалы ғана ауытқып отырады. Биігіне шығып сырғанасаң, не аяқ бассаң, сан түрлі дыбыс шығады. Оны ғалымдар  құрғақ құм мен ылғал құмның үйкелісінен десе, ел аузында  әр түрлі аңыздар айтылады. Соның бірінде заманында бір-бірін құлай сүйген  екі жас болыпты. Күндердің бірінде қыз-жігіттің сұлулығына таңданып, қызғанышы қозған бір сиқыршы зұлым оларды ажыратып тынғысы келеді. Сонымен, ол ғашықтарды  осы екі қалқан тауына айналдырып жіберген екен. Кейін, айдалада қаңыраған қара жартасқа айналып кеткен  жұптың жүрек назын бір-біріне естірту үшін Алланың әмірімен осы Айғайқұм пайда болған  деседі.  Ал, бүгінгі құмнан естілетін мұңлы үн  сол ғашықтардың зары деген тәмсіл бар».

Екінті мен ақшамның арасы болатын. Көпті ғажайыбымен таңдандырған, Айғайқұмға аяқ басып, сырлы сазына  біздің де құлақ түргіміз келді. Айналаға сәл ғана тыныштық орнаған желсіз сәт еді. Құм төбенің басына шыққанша ештеңені сезе қойғамыз жоқ. Құлдилай бере сан құбылған сарын құлаққа жетті. Бірде Қорқыт атаның күңірене толғаған қобыз күйі ме десең, енді бірде ышқына соққан сүркей желдің, болмаса басқа бір түз тағысының дауысы ма дейсің. Дәл сол сәттерде менің ойыма орыстың белгілі ақыны Пушкиннің «Қысқы кеш» өлеңіндегі:

«Қара боран көкті жапты,

Қарлы құйын қуалай.

Кейде ұлыған аң сияқты.

Кейде жылайды баладай»,– деген суреттемесі қаз-қалпы қайталана берді.

Сапарымыздың соңғы сағаттарында  Бесшатыр қорғандарына табан тіредік.  Мамандардың айтуынша, Сақ дәуіріне тиесілі бұл әйгілі жәдігерлердің жалпы саны 30-дан асады. Өкінішке орай олардың біразы Қапшағай су қоймасы салынған тұста су астында қалып қойған. Соның  ішіндегі ең биік қорған 18 метр, кеңдігі 104 метрді құрайды. Қорған ішіне негізінен Сақ тайпаларының көсемдері жерленген. Жалпы бұл тас қамалдарға 1959-1961 жылдар аралығында  үлкен зерттеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде,  көптеген тың деректер анықталған. Мәселен, бұған дейін қазақ халқының тарихы, өркениетінің дамуы Түрік қағанатынан басталған деген ұғым қалыптасса, осы зерттеуден  кейін ол болжам  мүлде өзгергді.  Зерттеу қорытындысы қазақ халқының тарихы сақ дәуірінен, яғни, біздің заманымызға дейінгі  1-4 мың жыл бұрын болғанын айқындаған.

Айдын КӘЛІМХАН.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK