Талдықорған қаласындағы «Қарағаш» сауда үйі өртенгені туралы кеше хабарлағанбыз. Бүгінде тілсіз жаудың неден шыққанын анықтайтын сараптама жүргізіліп жатыр. Өрттің салдарын жою үшін облыс деңгейінде арнайы комиссия, кәсіпкерлермен жұмыс жүргізу жөнінде арнайы штаб құрылған. Бүгін қалалық әкімдікте сол штабтың алғашқы отырысы өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Асқар Қожабаев, қалалық кәсіпкерлер палтасының өкілі Баниямин Файзулин, әкімдіктің салаға жауапты мамандары, сауда үйінің әкімшісі және шығынғы ұшыраған кәсіпкерлер қатысты.

«Біз дау да, жау да іздеп келгеніміз жоқ. Көмек сұрай келдік. Сауда үйімен арадағы келісім шартта өрт жағдайы туралы ештеме жоқ екен. Яғни жанып кеткен біздің тауарға бұл кісілер кепілдік бере алмайды. Мойнымызда 3-5-тен несие бар. Оларды қалай жабамыз?» дейді саудагерлер.

«Қазір сараптама жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы шықпай, оқиғаға мынау кінәлі деп айта алмаймыз. Сондықтан, шығынды кім төлейтіні де белгісіз. Біз сіздер несие алған банктер басшылығын жиып, несиенің үстемесін жүргізбей, тоқтата тұруын сұрайық. Салықта да тоқтата тұруға келісейік. Ал, сіздерге жаңа мүмкіндіктер үшін қолайлы несиелендіру жолын қарастырайық» деді қала әкімінің орынбасары А.Қожабаев.

Өрттен 28 кәсіпкер зардап шеккен. Кейбірінің тауары түгел жанып кетсе, енді бірінікі жартылай өртенген. Сондықтан, комиссия кәсіпкерлерді 3 топқа бөлген екен. Бүгінде олардың әрқайсысымен жекелей жұмыс жүргізілуде.

«Материалдық шығын көлемін есептегенде нақты дәлелдерге сүйеніңіздер. Құжаттарымыз жанып кетті дейтіндер бар. Сол тауарды сіздер де біреуден сатып алдыңыздар, кеденнен өткіздіңіздер, тасымалдадыңыздар ғой. Сондағы жазбалар, түбіртектерді де дәлел ретінде қолдана аласыздар. Сауда орындарыңыздың қазіргі жағдайларын, тауардың түрін де актілеп алуды ұмытпаңыздар» дейді қалалық кәсіпкелер палатасының өкілі Б.Файзулин.

Сауда үйінің әкімшісі нысан қалпына келген соң барлық кәсіпкер өз орнын алады, әрі жалдау ақысын жеңілдететін боламыз деп уәде беріп отыр.

Кәсіпкерлердің бірі дәл қазіргі кезде қайырымдылық көмекке мұқтаж екенін айтып, әкімдіктен жәрдем сұрады. Оған арнайы үндеу жариялап, БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде орналастыруға кеңес берілді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK