Тәуелсіздік  күнінде Талдықорған қаласының тұрғындарына пәтер кілті табысталды. Жаңадан салынған коттедждің  55 тұрғын  үйі  кезектегі көпбалалы отбасыларға,  жарымжан бала тәрбиелеуші отбасылары мен мүгедек адамдарға берілді.  Алматы облысының әкімі  Амандық Баталов және Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов  салтанатты шараға арнайы қатысып, тұрғындарды жаңа қонысымен құттықтады.

«Әрбір адам үшін баспананың маңызы зор. Өздеріңізге белгілі, Елбасының халықтың әл-ауқатын арттыру туралы тапсырмасына және Президент Қасым-ЖомартТоқаевтың әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңіндегі міндеттеріне сай өңірдегі көп балалы отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз етуге баса көңіл бөлінуде.  Облыс орталығынан бой көтерген коттедждің қалашықтың 100 үйі  Қала күні мерекесінде көп балалы отбасыларына  тапсырылған болатын.  Міне,  бүгінгі Тәуелсіздік күнінде талдықорғандықтар үшін қос мереке. Тағы да құрылысы аяқталған 55 коттедждің кілті табысталмақ. Талдықорғандағы «Коттеджді қалашықта» бекітілген жобаға сәйкес 606 жеке тұрғын үй салу жоспарланған. Қазіргі кезде жалпы алағңы 13,9 мың шаршы метр, екі қабатты 155 жеке  үйдің құрылысы жүргізілуде.  Сондай-ақ, 900 орынды мектеп пен 380 балаға лайықталған балабақша да бой көтереді. «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында облыс орталығында ондаған үйлер бой көтеріп, қаланың көкжиегі кеңейе түсті. Ал «7-20-25» бағдарламасымен 8-ші және 9-шы шағын аудандарда 23,8 мың шаршы метр болатын 5 үйдің құрылысын биыл бастадық, келер жылы аяқталады.Тағы да бірнеше үйдің жобалық-сметалық құжаттары жасалуда.

Тәуелсіздік күні құтты болсын! Отбасыларыңыз бақыт пен ырысқа кенеліп, ұрпақтарыңыз еліміздің үлкен азаматы боп өссін», — дедіі облыс әкімі Амандық Баталов.

 Жаңа тұрғын үйдің кілтін иеленгендердің қуанышында шек болмады. Салтанатта  қадірменді ақсақал Әлімғазы Райымбеков ақ батасын берді.

Жалпы айтқанда, Тәуелсіздік мерекесінде 110 үй қолданысқа берілді. Оның 55-і коттеджді тұрғын үй болса, 65-і сатып алу жолымен қамтылды. Аймақ басшысы  бұл күні қала тұрғыны  Марат Смағұловқа 3 бөлмелі пәтер кілтін табыстады.  Жұбайы А. Кеңесбаева бұл қуанышқа жете алмай кетті. Бүгінде  6 баласы бар  әке жеке пәтерге қол жеткізгендігіне өз ризашылығын білдірді.

Он балалы  батыр ана Рәзия Дарханбаеваға Еркін ауылынан  еңселі екі қабатты тұрғын үйдің кілті табысталды. «18 жыл  кезекте тұрдым.  Міне, қайта сатылып жатқан үйдің кілтіне ие болдым. Облыс, қала, ауыл әкімдеріне  көптен-көп  рахмет. Мереке күні бала-шағаларым келіп, облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы құттықтап қоныстой тойлап жатырмын. 7 қыз, 3 ұлымнан 25 немере, 10 шөбере сүйіп отырмын.  Балаларымыз бақытты боп, ел аман, тыныштық заман болсын»- дейді батыр ана.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK