Талдықорғанда 8 желтоқсан күні «Жастар» спорт сарайында тұңғыш рет аралас жекпе-жектен «Octagon 12» халықаралық турнирі өтеді. Бүгін осыған орай спортшылардың қатысуымен баспасөз маслихаты мен салмақ өлшеу рәсімі болды.

Аталмыш жарыс Octagon Promotion промоутерлік компаниясы Қазақстан ММА Федерациясымен бірге Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен, сондай-ақ, Қазақстандық жауынгерлік өнер қауымдастығымен ұйымдастырып отыр.

Халықаралық турнирде Бразилия, Молдова, Тәжікстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның әртүрлі аймақтарынан келген файтерлердің қатысуымен 15 жекпе-жек өтеді.

Кештің басты іс-шарасында еркін күрес және самбо бойынша спорт шебері Ұлан Тамғабаев панкратионнан және жауынгерлік самбодан Қазақстан чемпионы, «Бизон» лақап атымен аталған Нұржан Ақышевпен кездеседі.

Спортшылар жартылай жеңіл салмақта (65,8 келі) Октагонның белбеуін сарапқа салатын болады.

Негізгі жекпе-жекте қазақстандық ММА-дың үміті, таэквондодан қара белбеу және панкратионнан әлем чемпионы Елжан «Албан» Алиаскар Бразилияның тәжірибелі өкілі, әлем чемпионы, бразилиялық джиу-джитсу бойынша қара белбеу иегері, Муай Тай спорт шебері Диас Рилдекимен жұдырықтасады.

Олардан бөлек, сегізбұрышқа Алтын Мағаз, Ержан Шыйырбай, Серік Тілекеев, Ринат Сағынтай, Бауыржан Қуанышбаев және басқалар сияқты ММА-дың тәжірибелі жауынгерлері шығады.

Айта кетейік, Octagon Promotion промоутерлік компаниясының осындай халықаралық турнирлерді Қазақстанның әр түрлі аймақтарында өткізудегі негізі мақсаты — жаңа есімдерді анықтап, оларды халықаралық ареналарға шығару.

Билеттерді ертең «Жастар» спорт сарайының кассасынан сатып алуға болады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK