Тарихқа тағзым

263

Елімізде 31 мамыр ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Осыған байланысты Жетісу облысының орталығында арнайы іс- шара өтті. Талдықорған қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен  басқосуға ардагерлер,  халық  қалаулылары,  тарихшылар, ұстаздар мен студент жастар қатысты. Бір минуттық үнсіздікпен басталған шарада жиналған қауым алдымен Жетісу университетінің алдындағы Алаш арысы Ілияс Жансүгіровтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, боздақтар рухына Құран бағыштады.

Шара соңы Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы драма театрдың ғимаратында жалғасты. Басқосуда сөз алған Жетісу облыстық қоғамдық даму  басқармасының басшысы Айдар Карбозұлы өткенді  білу бүгінгінің парызы екендігін тілге тиек ете келіп, сол бір зұлмат жылдары  елдің бірлігі мен жердің тұтастығы жолында өмірін қиған жандардың рухына ізгі ілтипат пен құрмет білдірді. Сондай-ақ, ол: «Бүгінгі күн біз үшін ерекше есте қалған қаралы күн. Зерттеушілердің нақты дерегінше, жалпы Кеңес одағы тұсында 60 миллионға жуық адам қуғын-сүргінге ұшыраса, өткен ғасырдың 1927-1953 жылдары аралығындақазақ даласынан 125 мың адам жалған жалаға ұшырап, оның  25 мыңынан астамы ату жазасына үкім етілген. Олардың арасында қазақ халқының біртуар дарын иесі Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, Әлихан Бөкейханов, Бейімбет Майлин, Мұхаметжан Тынышбаев, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайберді, Ілияс Жансүгіров сынды тағы басқа да ұлт жанашырлары мен қоғам қайраткерлері бар. Оларға КСРО құлату үшін жасырын ұйым құрды деген айып тағылып, тұтастай жер аударып, өлімге үкім етті. Ал, сол тұстағы қолдан жасалған ашаршылықтан 1 жарым миллионға жуық қазақ қырылып, біразы шет мемлекеттерге босып кетуге мәжбүр болды. Тағдыр тауқыметіне ұшырап, өлімге үкім етілген қазақтың дара тұлғаларының бірі, жер жаннаты Жетісудың төл тумасы, Ілияс Жансүгіров болатын. Ақынның ұлт мүддесі жолында атқарып кеткен ерен еңбектері ел жадында мәңгі сақталып, кейінгі жастарға өшпес үлгі-өнеге сыйлай беретіндігі анық» – деді.

Осыдан соң қарымды қаламгер Серік Әбікенұлы жалпы ашаршылық пен қуғын-сүргін нәубеті туралы ақиқатты атап көрсетіп, өзі зерттеген Ақсу өңірінің халқына қатысты тың деректермен бөліссе, Жетісу университетінің білікті ұстазы, белгілі ғалым, профессор Мұратбек Иманғазин Ілияс ақынның өмірі мен өнегелі істері жайында  баяндап сол кездегі солақай саясаттың ащы шындығын  алға тартты. Осы барыста тарихқа тағзым етушілер қазақ зиялы қауымын түп тамырымен құртуға бағытталған зұлмат жылдардың ақиқатына тағы бір қырынан көз жеткізгендей болды.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз