Адамды асыл да ізгі қасиеттерге бастайтын арман-тілегі әйтеуір бір орындалуы хақ екенін оларға да, бізге де өмірдің өзі-ақ дәлелдеп берді. Жетпіс жылдан астам уақыт бойы Кеңес одағының темір құрсаулы қыспағында тұншығып келген Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялағанда елдегі ғана емес, жұмыр жерді мекендеген бар қазақтың өне бойы шымырлап, мына фәни дүниеде екі рет қайталанбайтын ерекше ләззат сезіміне бөленгені анық. Талай шетелдік қазақ азаматтары тұрған жерінде адал еңбек, маңдай терін сыпырып жүріп, дәулеттілер қатарына қосылғанына қарамастан,бүкіл дүниені тәрк етіп, бала-шағасын соңынан ертіп,тарихи ата мекеніне жетуге асықты десем, артық болмас. «Отаныма барып,ошағымды маздатсам» деген арман жетегіне ерген, осы ниетпен шығыстағы темірдей тәртіпке бағынған Қытай мемлекетінің шекарасын екі мәрте бұзып өтіп, қаншама қасірет пен азапты басынан кешіргеннен кейін ғана туған жерге табан тіреп, Алматы облысының Талдықорған қаласына қоныстанған Бөрібай Қызырханның ақтарыла отырып айтқан әңгімесіне құлақ түрелік.

Өзге елде сұлтан болғым келмеді

1991 жылғы 16-желтоқсанда Қазақс-танның тәуелсіздік алғанын естігенде, бір жарым ғасыр бойы жүрек түкпірінде тұншығып жатқан сағыныш сезімі жанартау болып атылды. Талай жүрек жарылардай қуанды. Дәл сол күні құдайға «ақсарбас» атап, құрбандық шалмаған қазақ қалмаған шығар. Жалғыз Күнес қана емес, Қытай елінің барлық аймағындағы қандас бауырлар тәуелсіздікті дүркіретіп тойлап жатты.
Мен де болашаққа үмітпен қарап, Алла тағаладан қасиетті қазақ даласын бір көрсетуді күндіз-түні тіледім. Бұл өмірде аз қиындық көргенім жоқ. Аяулы анамнан ерте айырылып, өгей шешенің тәрбиесінде өстім. Бірбеткей өткір мінезім ұнамаған сәттерде сыныққа сылтау іздеп, жоқтан өзгеге соқтығатынды шығарды. Әкемнің көңіліне қаяу түсірмейін деп, түздегі тіршілікке ерте араластым. Мектепті сыртта жүріп бітіргендіктен, жоғары оқу орнына түсіп, білім алудың сәті түспеді. Он ойланып, жүз толғанып, ақыры кәсіпкерлік мамандықты меңгеруге айрықша ден қойдым. Еңбек жолымды сүт фермасында есепші болып бастадым. «Ерінбеген етікші болады» демекші, кейін Күнес ауданының орталығындағы үлкен бір сауда мекемесінің директоры болып қызмет атқардым.
Қазақстан тәуелсіз ел атанысымен-ақ,бұған дейін қарапайым қазақтармен жолығыса бермейтін қазақ зиялылары атып келе жатқан бақыт таңының хабаршысындай болып,Қытай еліне ағылып келе бастады. Бірде екі ел арасындағы қарым-қатынасқа байланысты тағы бір делегация құрамында келген азаматтардың бірі қазақ зиялыларының атынан шет жұрттағы қандас ағайындарға арнап жазылған үндеуін ала келіпті.
— «Ата жұртыңа оралыңдар, ағайын!»,-деп келетін Үндеу мәтініндегі терең тебіреніспен жазылған өткір де өміршең ойлар мен түйінді пікірлер жүрек түкпірінде жылтылдап жатқан шоққа май құйып, сағыныштан құса болып сарғайып жүрген қалың елдің атамекенге деген сағынышын оятып, ынта-жігерін жаныды. «Ұшқыннан жалын лаулайды» демекші, үндеуде айтылған жалынды сөздер мені де алай-түлей сезімдерге бөледі. Көп ойланғаным жоқ, Үндеу мәтінін өз қаражатыма баспаханадан көбейтіп алып, Үрімжідегі техникалық мектептің студенттеріне, ауылдан келген ағайындарға тараттым. «Ұлы көштің басын атамекенге бұратын сәт туды. Атқа ер салыңдар, ағайын!» деген сөз айтып, үндеу таратып жүргенімді біреулер дереу қауіпсіздік қызметкерлерінің құлағына жеткізіпті.
Сөйтіп, атынан ат үркіп,денең тітіркенетін қауіпсіздік мекемесінің қызметкерлері соңыма шам алып түсті. Осылайша, үкіметке қарсы үгіт-насихат жүргізіп,ел ішіне іріткі салып жүрген теріс пиғылды жан болып шыға келдім.
Осы бір оқиғалардан кейін азан шақырып қойылған Бөрібай атым ұмытылып, «Сары саудагер» атандым. Ойбай, бір сары саудагер қазақтарды көтергелі жүр екен. Топ болып, күш біріктіріп, заңсыз түрде Қазақстанға өтіп кетпекші. «Су ішкен құдығымызға түкіре алмаймыз»-деген жөн білетін қазақтарға: «Ерсең де, ермесең де, ересің»- деп қоқан-лоқы көрсетіпті,- деген өсек-аяң ел ішінде желдей есті. Қауіпсіздік мекемесінің қырына бір іліккен адамның тағдырының нендей күйге ұшырайтыны белгілі емес пе?! «Жақсы ит өлігін көрсетпейді», «Нартәуекел! Қытайдың түрмесінде шірігенше атамекенге жетіп өлейін»,-деп күрт шешім қабылдадым.

Тәуекел түбі-желқайық

Ақыры не керек, шешінген судан тайынбас дегендей, тірнектеп жинаған бар қаражатымды қалтама басып, соңымнан әйелімді, ұлым мен қызымды ертіп, Қорғас шекарасына бет алдым. Бұл жерде Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттық қызып тұрған еді. Сол жерден шекара арқылы арғы бетке өткізетін адам іздедім. Шекарада жұмыс істейтін Арман есімді жігітке ойымды жасырмай айтып бердім. Көп ойланған жоқ, шекарадан өткізіп жіберуге уәде берді.
— Арғы бетке өтудің екі жолы бар. Шекараның тікенек сымын қиып өтуге немесе таудағы асу арқылы өтуге болады. Тау асуы арқылы өтсең қауіпсіз, бірақ көп мехнат шегесің. Қайсысын таңдайсың,өзің біл,- деді.
Бірі үште, екіншісі бір жарым жастағы шиеттей екі баламен тау арқылы өтуге, ауыртып алармын деп қорықтым да, шекара арқылы өтуге бекіндім. Шекараға түн ортасы ауа жеттік. Құрылған тордан адам түгілі аң-құс өте алмайды екен. Бұл кезде таң да атып қалған еді. Жарықта шекарадан ызыңдап ұшып жүрген маса да өте алмайды, шыжыған ыстықта тапжылмай жатып кештің батуын күттім. Шиеттей екі балам судан қаталап шырылдағанда, жанымды қоярға жер таба алмай, қатты қиналдым. 250-300 қадам жердегі сылдырап ағып жатқан Қорғас өзеніне бару өзіңді өзің ұстап берумен бірдей еді. Алла өзі кешірсін, шөлден қысылып талықсыған екі балама тілімді сорғызып, өз дәреттерін ауыздарына тамызуға тура
келді.
Ертесіне әйелім екеуміз қызымыз бен ұлымызды бауырымызға қысып, туған жердің топырағын табанымызбен бастық-ау. Дәл осы сәттегі үрей мен қуаныш аралас сезімді ауызбен айтып жеткізе алмаймын. Біз өң мен түстің арасындағы сезімнен арыла алмай тұрғанда, шекара бұзу оқиғасы туралы хабар алған қазақстандық әскери адамдар мен автоматтарын асынған жауынгерлер иттерін абалатып жетіп келді. Обалы нешік, келген беттен темір тордың ішіне қамағандарымен, қорлап намысыма тиген жоқ. Мені жеке камерада бөлек ұстағанымен, әйелім мен екі балам тергеу біткенше қонақ үйде жатып,жүріп-тұруға ерікті болды. Шекара аймағында үш-төрт күн ұстағаннан кейін, Құлжаға апарып:
— Неге қаштың? Шекарадан өтуге кімдер көмектесті? Сыбайластарыңның аты-жөндерін айт, қайда тұрады?- деген сұрақтарға жауап бер деп тергеудің астына алды.
Мен: «Қытай еліне деген ешқандай бөтен ойым жоқ. Сауда істеп жүргенде ұйғырлармен байланыс жасап, істес болған едім. Олар маған сен бізді алдап сауда жасадың деген жала жауып,10 мың юань талап етті. Бермесең, өлтіреміз деп қорқытқан соң, Қазақстанға қашуға бел байладым»,- деген жауаптан танғаным жоқ.
Арада төрт күн өткенде машина жуасың деп сыртқа алып шықты. Мұндай оңтайлы сәттің қайталанбасын сезіп, биік дуалдан бір-ақ секіріп, қашып шықтым. Күні бойы ұйғырлар күпаналап қойған күріш сабанының арасында жасырынып жатып, қараңғы түсе егістік алқабының батпағын кешіп отырып сол жерде тұратын ағайындардың үйіне барып тығылдым. Аймақтың астын үстіне шығарып тінту жүргізген қызыл жағалылар ол үйден де тауып алды. Күндіз-түні тергеумен біраз жүйкемді құртып, Күнестің түрмесіне әкеліп қамады. Осында жатып, сотың шешімін күттім. Түрме бастықтары мен сақшылардың өздері ұрып-соқпағандарымен, сағын сындырайық дегені болуы керек, мені аса қауіпті деген кәнігі қылмыскерлермен бір камераға қамады. Сірә, мұны жақсылап сабатайық деді білем.
«Кешір, бауырым! Мыналар сені сабатайын деп отыр, ал оны орындамасақ, бізге деген пиғылдары өзгереді»,-деп ол да ойын ашық айтты. Иншалла, сырт көзге сілейтіп салғандай болғанымен, денеме дақ түсірген жоқ. Қазақстанға өтіп кетуге әрекеттеніп, бүкіл Қытай елін шулатқан «Сары саудагер» туралы алып-қашпа әңгімелер бұларға да жетіп, менің тірлігімді ерлікке балап, сыртымнан сүйсініп отыр екен. Сөйтіп, Күнестің түрмесінде ай жарым уақыт жатып, мемлекетке қарсы қылмыс жасамағандығым анықталған соң, туған ауылымнан сыртқа аттап шықпауға үкім шығарып, біржола босатты.
…Елге келдім дегенім,жай аты ғана екен. Қалтамда ақша, қолымда білдей бір мекеменің тізгіні тұрғанда, сонадайдан құшағын жайып келіп, «ой, бауырымдап!» амандасатын ағайындар мені танымайтындай тоңтеріс айналды. «Ел бетіне қараудан қалдық. Сенің ақымақтығыңның жұмысымызға кесірі тиетін болды»- деп, үлкені де кішісі де мені жерден алып, жерге салды. Бәрінен де түрмеден шыққан күні сағынып барған әпкемнің шәй бермей, үйінен қуып шыққаны жаныма қатты батқандықтан күйіне еңіреп жылағаным-ай. Өгей шешемнің мен түрмеден шыққанша: «ас-суымызға ортақ болдың» деп отбасыма күн көрсетпегені жаныма және батты. Шыдай алмаған соң, жаяулап-жалпылап жүріп ағаш жинап,екі бөлмелі үй салып алдым. Кім біледі, бәлкім, осы бетіммен қолға алған шаруаларымды дөңгелетіп әкететін де едім. Қырсық бір шалса болмайды екен, сол күндердің бірінде ауылдағы таныс жігіттің әйелі аяқ астынан ұшты-күйлі жоғалып кетті. Үйіне барғанымда басымнан өткен оқиғаларды әлгі әйел көзінің жасын сығып отырып тыңдаған-тын. Содан көңіліне секем алған болуы керек. «Менің әйелімді сары саудагер-Қазақстанға алып кетейін деп бір жерде тығып ұстап отыр»- деп милицияға арыз беріпті. Сөйтіп, мемлекеттік қауіпсіздік органының қызметкерлері мен жергілікті тәртіп сақшылары менің соңыма тағы да шам алып түсті.
Міне, осы бір жағдай: «Қайтсем де Қазақстанға кетемін»-деп іштей ширығып, булығып жүрген менің елге деген сағынышымды қайта оятқандай болды. Қатты қиналып, қапаланып, жер болып жүргенімде жолдастарым келіп: «Елге кетуге шындап бекінген екенсің. Кетпесең, тірлігіңе жаратарсың. Әйтеуір, бір көмегі болар»- деп қаражат жинап әкеліп берді. Екі мың юаньға әйеліме жан бағу үшін асхана ашып беріп, қалған екі мыңын жолыма деп қалтама салып екінші рет атқа қондым.
— Егер алты айда бір хабар бере алмасам, мені өлді деп есептеңдер. Өз тірлігіңді жаса. Басың жас, жақсы адам кездессе, рұқсат. Тұрмыс құрып балаларды жеткіз,- дедім әйеліме айтқан сөзімнен қайтпайтынымды сездіріп. Бірден баяғыда өзімді шекара асырып тастаған ескі досым Арманды тауып алдым. Менің айтқан әңгімемді тыңдап ол да қатты толқыды.Қазақстанға кетуге бел буып келгеніме көзі жеткен оның інісі Нұрәлі: «Ата жұртқа мен де кетемін. Өзекті жанға бір өлім,сенен жаным артық емес. Кетемін де кетемін»,- деп ал қиғылықты салсын.
— Бармай-ақ қой.Ол жақта аспаннан құймақ жауып жатқан жоқ шығар. Ойлан,-деген ағасының сөзін тыңдамай, жолға жиналамын деп отырып алды. Ағасы Нұрәлінің айтқанға көнбейтінін біліп, екеумізді адам аяғы тие бермейтін таулы аймақ арқылы тағы да шекарадан өткізіп жіберді. Ақыры, 1993 жылдың қысында, яғни Тәуелсіздік мейрамы қарсаңында, Қазақстанның топырағына табанымыз тиді-ау!
Қазақстан жерінде шекараны жағалай малшы ауылдары отырады екен. Алып шыққан азығымыз таусылып, суыққа тоңып, құлауға шақ қалғанда шопан-дардың қыстағына жолықтық. Олар да 50-ші жылдары Қытай шекарасы арқылы бері өтіп кеткен қазақтар екен. Үйлерінде бір-екі күн тынықтырып, моншаға түсіп, есімізді жиған соң Алматыға баратын
жолды нұсқап шығарып салды. Жолай
кездескен адамдарға: «Туысқандары-мызды іздеп, Моңғолиядан келген оралмандар едік»- деген сылтау айтып, екеуміз Алматыға жеттік.

Жүзеге асқан арман немесе соңғы түйін

Бөрібай есімді қандасымыздың тебірене, толқи отырып айтқан әңгімесінен сан қырлы ой түйіндеуге болады. Киіктің асығындай ғана шымыр денелі, ширақ жігіттің жүрегінде оты бар қайсар жан екендігін бірден байқадық. Отты жанары мен жазық маңдайы өмірдің ыстық-суығын көріп, мына фәни дүниеден өзіндік сыр түйген жан екендігін аңғартады. Әңгіме барысында қаймағы бұзылмаған қазақы тілдің майын тамыза сөйлеуге шебер екендігін де аңғартып қалды.
Иә, елім деп еңіреп келген екі азаматты алда талай соқтықпалы-соқпақты асулары мол қиын-қыстау жолдар күтіп тұрған еді. Бір кездері орындалмас арман болып көрінген еңселі Алматыға да жеттік-ау дегенде ол терең бір күрсініп алған. Енді қайтсін, білетін, жөн сұрайтын таныс та жоқ. Бар білетіндері Қытайдан сауда-саттық жасау үшін келген бірлі-жарым қазақтар ғана, олардың өзі базар маңынан аса алмайды екен. Көшедегі адамдардың бірінен қазақша жөн сұрай қалсаң: «Сәлеметсіз бе!»- деп амандасудан әріге бара алмай иықтарын қиқаң еткізіп,жөндеріне кете барады.
Дегенмен, қиналған жанға жылыұшы-рай қарап, жөн сілтейтін жандар қай
жерде де баршылық қой. Міне, осы қайырымды жандар Нұрәлі екеуін қонақ ретінде қабылдап, жөн сілтеп, іздеген кісілерін тауып алуға көмектеседі. Әсіресе, «Шалқар» газетінде шыққан зиялылардың үндеуіне қол қойған адамдардың бірі – Смағұл Елубаевпен кездеспегенде, бұлардың ендігі тағдырының не болары белгісіз еді. Белгілі жазушы Мюньхенде «Азаттық радиосында» істеп жүрсе де, екеуінің мәселесін шешуге тікелей араласады. Қажетті адамдармен кездестіріп, қаржылай көмек көрсетеді. Алматы облысындағы Күрті ауданына қарасты бір ауылға малшы болып жұмысқа орналастырады. Бөрібай мен Нұрәлінің тағдырларына жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов пен сол кездегі аудан әкімі Серік Үмбетов араласып, алған істерінің оң бағытқа бет бұруына тікелей әсер етеді. Алайда, Қазақстанның азаматтығын алуға келгенде тағы да сан түрлі қайшылықтарға кезігеді. Енді бұлардың ісімен біздің елдің қауіпсіздік комитеті айналысып, оларға екі жылға түрмеге отыру қаупі төнеді. Қауіпсіздік комитеті тағы да кейін қайтарса, күн астындағы ел енді бұларды маңдайларынан сипамасы анық. Ақыры не керек, бері өткен жолмен әрі өтіп, елге жоламай сырт аймаққа ат басын тіреп,жасырын түрде отбасын алдырып,шалғай түкпірде адал еңбегі мен өжетттігінің арқасында қайта ес жинап, құжаттарын реттеп, 2000 жылы атажұртқа үшінші рет табан тірейді. Өкініштісі сол, аяулы жары Гүлмира қайтадан шекара асуға жүрегі дауаламай,арғы бетте қалып қояды. Бөрібай жалғыз ұлы Серікболын ертіп елге оралады.
Бүгінде атамекеніне оралу үшін небір азапты бастан кешірген Бөрібай Қызырханұлы – Қазақстан Республикасының өзіміз секілді толыққанды азаматы. Белгілі жазушы Смағұл Елубаев пен Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов Бөрібайға тағы да көмек көрсетіп, қамқорлықтарына алады. Аты аталған ел ағаларының тікелей араласуының арқасында оралман ретінде тіркеліп,Қазақстанның азаматтығын алады. Қытайда қалған бала-шағасын көшіріп әкелген соң Талдықорғаннан үш бөлмелі пәтер тиеді. Қазір өзінің соңынан ерген Серікболы 10 сыныпты тәмамдауда. Қызы-Перизат Абылай хан атындағы әлем тілдері институтына грантпен түсіп,оқуын жалғастырып жатыр. Атамекеніне келіп туын тіккен азаматтың өз орнын тауып,облысқа белгілі кәсіпкер ретінде танылғанына да, міне, он жыл болып қалды. Әр күні таң арайлап атқан сайын жұмысқа бет алғанда үй алдындағы жердің топырағын уыстап алып, емірене иіскеуді әдетке айналдырыпты.
— Бақыттың бесігінде тербелгендей күй кешіп жүрмін,- дейді Бөрібай масайрай күліп.
Бақытың жансың, Бөрібай! Бақыттың бесігінде тербеліп өтуге сенің толық қақың бар.

Амантай Есілбай.

P.S. Мақала жазылғалы да он жылдан астам уақыт өтіпті. Осы жылдар ішінде Бөрібай Қызырхан Талдықорған қаласына танымал кәсіпкер атанып, жылыжай ісін дөңгелетіп отыр. Тәуелсіздікке қол жеткізген атақонысқа жету жолында әкелерімен бірге қиындықты қайыспай көтерген қызы Перизат бүгінде жоғары оқу орнын өте жақсы тәмамдап, қызметке тұрып, отбасын құрған. Ардақты келін, бір ұл, бір қыздың анасы. Ұлы Серікбол да орта мектепті жақсы аяқтап, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетіне грантқа оқуға түсіп, мамандық алды. Бүгінде кәсіпкерлікпен айналысуға ден қойған. 4-5 шетел тілін меңгерген. Бөрібайдың елімізде дүниеге келген үш ұлы: Нұрболсын,
Абдолла, Нұрсұлтаны мектеп қабырғасында білім алуда. Бастауыш сынып оқушылары. Әкенің ендігі алдына қойған мақсаты – осы үш ізбасарын Отанын сүюге, еліне адал қызмет атқаруға,шыншыл да батыр болуға баулу. Мереке қарсаңында редакциямызға хабарласқан Бөрібай халықты мерекемен құттықтап, елімізге ынтымақ, бірлік, ырыс-құт тілейді. Сонымен қатар, Тәуелсіздіктің арқасында кәсібін дөңгелетіп, биік жетістіктерге қол жеткізген азаматтардың әлеуметтік қолдауды қажет ететін жандарға қол ұшын беріп, жұмыспен қамтуға ат салысса деген тілегі бар.
— Өзім де кәсібімнің өрісі кеңейіп жатса, көпбалалы жанұяларға тегін көмек берсем деп ойлаймын,- дейді кәсіпкер.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK