2019 жылы Қарасай ауданында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, аймақтың экономикалық өсім көрсеткіштері тұрақты және табысты орындалған. 10 ай ішінде жалпы ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемі – 55,5 млрд. теңгені құрап, 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда – 103,6 пайызды көрсетіпті. Бұл туралы бүгін «Jetisu Media» алаңында өткен баспасөз-мәслихатында аудан әкімі Жандарбек Далабаев мәлімдеді, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Аудан басшысы келтірген мәліметке сүйенсек, өсімдік өнімдерінің көлемі – 25,7 млрд.теңгені, мал өнімдері – 27,2 млрд. теңгені құраған. Ал, экспорттауға жоспарланған 50 тонна еттің, бүгінгі күнге 100 пайызы орындалыпты.

Сондай-ақ, мамандар 2019 жылдың соңына дейін өнеркәсіп өндірісінің көлемін  275 млрд. теңгеге жеткізуді көздеп отыр.

2019 жылдың аяғына дейін негізгі капиталға инвестицияның тартылуы 120,0 млрд. теңге, өсу қарқыны 102,3 пайыз. Оның ішінде бюджеттік инвестиция 13,5 млрд. теңге немесе 12,4 пайыз, өз қаражаты есебінен тартылған инвестиция  106,5 млрд. теңге немесе 87,6 пайыз.

Қарасай ауданында шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын 14 476 субъект тіркелген. Шағын және орта бизнестен түскен бюджеттік төлемдер 13 млрд. 285 млн. теңге. Ол жергілікті бюджеттің 70 пайызын құрайды.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша Ауданның 24 елді мекенін сумен қамтамасыз етуге арналған, жалпы сметалық құны 9,4 млрд. теңгені құрайтын «Южная Казачка» және «Қаскелең» өзендерінен тартылатын су жинақтау тораптары құрылыс жұмыстарының 1–ші кезеңі өңір басшысының қолдауымен ағымдағы жылы аяқталып, қолданысқа берілді. Аталған жұмыстардың екінші кезеңін аяқтау үшін 200 млн. теңге республикалық бюджеттен қаржы бөлініп жобалау сметалық құжаттамасы қайта есептеуден өтуде», — дейді Ж.Далабаев.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK