Ұлтымызда «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деген аталы сөз бар. Әулеттің атын жалғастыратын да сол бала. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған сотта  жұмыс істегеніме биыл 7 жыл толды. Жұмыс барысында неше түрлі жағдайларды қарастырып, тиісті шешім қабылдадым.

Ал  осыдан бірнеше күн бұрын қараған ісімде дұрыс шешім қабылдау маған өте қиынға соқты… Нақтырақ айтсам бір ай бұрын маған бір баланы асырап алудың күшін жою туралы талап арыз түсті. Аталған талап арызбен танысу барысында, ерлі-зайыптылар бірнеше жыл бала сүюге зар болып, ақыры 2016 жылы балалар үйінен төрт және жеті жастағы екі баланы  асырап алған. Сөйтіп, екі бала асырап алған ата-анамен бірге тұрып жатады. Осыдан үш жыл өткен соң, яғни, 2019 жылы асырап алушалылардың өз кіндіктерінен дүниеге сәби келеді де, ата-ананың бар сүйіспеншілігі туған баласына ауады да, асырап алған екі балаға ықыласы суый бастайды.  Осылайша, асыранды екі бала күтпеген жерден керексіз болып қалады да асырап алушылар  әр түрлі сылтау айтады. Олар балалардың ұрлыққа  бейім екенін, тәрбиеге көнбейтінін, денсаулықтарында ақау  барын  алға тартып, асырап  алудың күшін жою туралы сотқа жүгінген. Балалар ісін сот қарауына дайындау кезінде, балалардың пікірін білу үшін оларды психологқа алдырып, әңгімелестірдім. Психологтың қорытындысы бойынша асырап алушылар «өгей балаларға» қатыгездікпен, мейрімсіздікпен  қарайтыны, оларды ұрып-соғатыны анықталды.

Осыдан соң ұйғарым шығарып асырап алушылардан балаларды шектеу үшін, оларды кәмелетке толмағандардың бейімдеу орталығына орналастырдым. Істі сотта талқылау барысында , алдымен кәмелетке толмаған қыз бала сұралды. Сонда қыз бала асырап алушыларды олар менің «ата-анам» мен тек өз үйімде тұрғым келеді деді. Ал асырап алушылар болса, оның бізге керегі жоқ деп, ат тонын ала қашып, бейне бір  дүкеннен сатып алған керексіз зат сияқты балаларды  итеріп тастады.

Баладан бас тартқан  адамдарды көріп жаным күйзелді. Үш жыл бұрын баланы асырап алған кезінде сот отырысына жылап-сықтап келген бұл безбүйрек ерлі-зайыптылар, өз балалары туған шақта әлгі жетімдерді сыртқа теуіп отыр. Көбіне бала асырап алғаннан кейін ұзақ уақыттан бері баласыз жүрген адамдар балалы болып жатады. Сондықтан, жылдар бойы зарығып, сәби сүюді аңсап жүргенде, бәлкім әлгі балалар олардың өз кіндігінен сәби сүюге ақжолтай болған шығар. Осы тұста «Олардың бойында адамгершілік пен имандылық қасиеті қалмағаны ма сонда?» деген орынды сұрақ туындайды.

Сот отырысында көз жасы мөлтілдеп  еңіреп тұрған қыздың күйін көріп, жүрегім қанжылады. Жан дүнием алай-дүлей болып, ішімдегі күйзелісті қағаз бетіне толық түсіре алмадым.Бірақ, қалай да асырап алудың күшін жою туралы талап арызды  қанағаттандыруыма тура келді. Себебі, екі баланың болашақ тағдырын ойладым. Бұл балаларды осы жанұяда қалдырған кезде ары қарай не боларын кім білсін. Талап қоюшылардан балаларды асырап бағу үшін сот шешімімен әр қайысынынан 1/3 бөлікте алммент өндірілді.  Сонымен кәмелетке толмаған бұл балалар қайта балалар үйіне жіберіледі. Алайда, олардың ары қарай өмірі қалай жалғасатыны түсініксіз.Тағдырлары тәлкекке салынған, сенімдеріне сызат түсіп, сағы сынған балалар кейін адам баласына сенуден қалуы да мүмкін ғой. Бұл дүниеде бір-бірінен басқа туғаны жоқ балалар психикалық қандай күйге түсетіні белгісіз. Кейін қандай азамат болып шығатыны да беймәлім.

  1. Мерей ТОҚТАҒҰЛОВА,
  2. Алматы облысының №1 кәмелетке толмағандар істері
  3. жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы.                                              

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK