2019 жыл Текелі қаласы үшін табысты болды. Атап айтсақ, ағымдағы  жылдың 10 айында жалпы шаһардағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 17,2 млрд.теңгеге жуықтап, нақты көрсеткіш 104,4 пайызды құраған. Осы уақыт ішінде  қала экономикасына 4,7 млрд. теңге инвестиция тартылып, 2.9 мың шаршы метр жеке тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл туралы Талдықорған қаласында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

БАҚ өкілдері алдында сөз алған Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев: «Биыл текеліліктер үшін табысты да, жемісті жыл болды. 70 жылдық тарихы бар шаһарда 33 мыңға жуық халық тұрады. Соның 1000-ға жуығы кенші болып жұмыс істейді. Қала  тұрғындарының еңбекпен қамтылуына шойын өңдеу кешенінің ашылуы зор септігін тигізді.  Бұл кәсіпорын жыл басынан бері 7200 тонна шойын өндірді. Келесі жылдан бастап қалада екінші домна пеші іске қосылып, 1200-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Қалада шағын және орта бизнес саласы да қарқынды дамуда. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда олардың саны 311 бірлікке артып, 2800 адам жұмысқа тұрды. Ал, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласында да жетістіктер мол. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде «Металлург» шағын ауданының кәріз желілері мен магистральды жылу желілері қайта жаңғырту бойынша — екі өтпелі инвестициялық жоба іске асырылды. Нәтижесінде, барлығы 23,3 шақырым кәріз желісі мен 5,02 шақырым магистралды жылу желілері қайта жаңғыртылды»,  – деді.

 

Бақтияр Әлтайұлының айтуынша қазір Текелі қаласындағы ауыл шаруашылық саласыда жан-жақты даму үстінде. Онда қысы-жазы табиғи таза өнім беретін көлемді жылыжай жұмыс істеп тұр. Биыл аталған жылыжайдан  452 мың тонна қияр жиналған. Жалпы, шаһар ауыл шаруашылығында 2019 жылдың 10 айында 6,5 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Сонымен бірге халықты баспанамен қамту  мәселесі де басты назарда. Бұл бағытта қалада «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 40 пәтерлі тұрғын үй бой көтеріп, жыл соңына дейін қолданысқа беру көзделсе, тағы екі 40 пәтерлі тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттары әзірлену үстінде.


Осыған дейін қаладағы үй кезегінде тұрған 415 көп балалы отбасының 25-не пәтер сатып алып берілсе,  тағы 5 адам  демеушілер есебінен,  7 тұрғын «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында баспаналы болған.

Шаһар басшысы алға қойған жоба-жоспарға сай 2020 жылы Текелі қаласында 470 жаңа жұмыс орны ашылмақ. «Профмебель» жиһаз, әк өндіретін кәсіпорын, Қазақстанның ішкі нарығы үшін болат пішінді құймалар шығаратын зауыт, сондай-ақ, «Ибраимова» шаруа қожалығының 50 басқа арналған  мал бордақылау алаңы іске қосылады деп күтілуде. Осы арқылы қала әкімі жұмыссыздық деңгейін тағы 4,7 пайызға төмендетуге болатынын жеткізді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK