Алматы облысында ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Мәселен, ағымдағы жылдың 10 айында аймақта 718 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Тамақ өнеркәсібінде 362 млрд. теңгенің азық-түлігі шығарылса, оның ішінде 100,1 млн. АҚШ долларының өнімі экспортқа жіберіліпті. Бұл туралы Талдықорғанда ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай өткен салтанатты жиында Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров баяндады, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Сала мамандарының құрметіне орай ұйымдастырылған шара ауыл шаруашылығы көрмесімен басталды. Бұл жерде аудан және қала әкімдері жетістіктерін сөз етіп, қысқаша есеп берді.

Суретті түсірген Айдын Нұршанов

Осыдан кейін Серікжан Ісләмұлы жиналған қауым алдында сөз алып, ауыл шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Ауыл шаруашылығы – біздің өңір үшін аса маңызды сала. Бізде облыс халқының 80 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Сондықтан аграрлық саланың дамуы халықтың әл-ауқатымен тығыз байланысты. Бүгінде егін егіп, мал өсіріп, азық-түлік өнеркәсібінде жұмыс жасап жүрген мыңдаған жетісулықтар облыс дамуына зор үлес қосып отыр. Құрметті агроөнеркәсіп кешені еңбеккерлері! Осы сәтті пайдалана отырып қажырлы еңбектеріңізге табыс тілеймін. Дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман, қамбаларыңыз астыққа толып, шаңырақтарыңыз шаттыққа бөлене берсін, — деді С.Бескемпіров.

Сондай-ақ, әкім орынбасары ауыл шаруашылығы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Айтуынша, биыл бұл салаға 44,2 млрд. теңге инвестиция тартылған. Жыл басынан 49 инвестициялық жоба іске қосылыпты (15,4 млрд. теңге). Өсімдік шаруашылығында дақылдар алқабының көлемі 7 мың гектарға артып,  961 мың гектардан асқан.

– Ауа райының құрғақтығына қарамастан облыс еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегінің арқасында 1,4 млн. тонна дәнді дақылдар жиналып, өнімділігі әр гектарына 31 центнерден айналды. Жүгерінің шығымы  гектарына 67 центнерден болып, 550 мың тонна өнім жиналды. Қант қызылшасының өнімділігі де өсіп отыр. Биылғы жылы орта есеппен гектарынан 400 центнер тәтті түбір жиналып, жекелеген шаруашылықтарда бұл көрсеткіш – 600-800ге жетті. Жалпы, 525 мың тонна өнім жиналды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 84 мың тоннаға артық. Биыл 50 мың тоннадан астам қант шығару жоспарымызда бар, — дейді С.Бескемпіров.

Одан бөлек, әкім орынбасары биыл 1,7 мың гектардан астам жерге жаңа бақтар отырғызылғанын атап өтті. Олардың жалпы ауданы 24,7 мың гектарға жеткен. Жалпы, 2021 жылға қарай бақтар алқабын 25,8 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарда бар.

Мал шаруашылығында мал саны мен өнім өндіру өткен жылмен салыстырғанда орта есеппен 4,5 пайызға өскен. Ол үшін 102 мал бордақылау алаңдары құрылды, олардың басым бөлігі асыл тұқымды малға негізделген. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 129 шаруашылық 6 мыңға жуық бас ірі қара жəне 33 мың бас ұсақ мал сатып алды. Сонымен қатар 25 шаруашылық 10 мыңға жуық бас ірі қараны шетелден импорттады. Осы шаралардың арқасында ет өнімдерін шығару 18 пайызға өсті, 6 мыңнан астам тонна мал жəне құс еті экспортталды.

Су шаруашылығында Қызылағаш су қоймасын қалпына келтіру мен 9 нысанның күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған. Бұрын айналымнан шығып қалған 35 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу үшін Ислам Даму банкінің қаржысын тарту арқылы көлемі 1,4 мың шақырым болатын суармалы жерлерді қайта жаңғырту жұмыстары жүруде. Жалпы 137,8 мың гектар жерді айналымға тарту жоспарланып отыр. Осы орайда биылғы жылы ылғал сақтау технологиясы қосымша 1073 гектарға енгізілді.

«Жалпы қабылданған шаралар нəтижесінде жыл соңына қарай ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 780 млрд. теңгеге жетеді. Бұл – айқын көрсеткіш, бірақ осымен тоқтап қалуға болмайды. Біздің бүгінгі мақсатымыз – Елбасының Агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін жəне ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,5 есе арттыру туралы тапсырмасын орындау. Ол үшін бізде барлық жағдайлар бар: жайлы климат, суармалы жерлер, мал мен құс санының мол болуы, өңдеу кəсіпорындары, сату нарығының жақындығы, ең бастысы еңбекқор əрі жауапкершілігі мол адамдар — біздің басты байлығымыз», — деді С.Бескемпіров.

Осыдан кейін Серікжан Ісләмұлы ауыл шаруашылығында белсенділік танытып, еліміздің өсуіне елеулі үлес қосқан бірнеше азаматтарды арнайы марапаттады. Атап айтқанда, мерекелік шарада Ауыл шаруашылығы министірлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі және Құрмет грамотасы табысталды. Одан бөлек, жемісті еңбек еткен шаруаларға Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты берілді.

Сонымен қатар, 2019 жыл қорытындысы бойынша номинациялар жеңімпаздарына арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Мұнда «Үздік ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері» аталымы бойынша 1-дәрежелі дипломмен Талғар ауданының «БайсеркеАгро» ЖШС және Іле ауданының «Оңалбаев» шаруа қожалығы марапатталды. Жеңімпаздарға МТЗ-82 тракторы сыйға берілді.

Талдықорған қаласы ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Жамаубаев:

— 2018 жылы қала бойынша ауыл шаруашылығының жалпы индекс көлемі 17,4 млрд. теңгені құраса, биыл жыл аяғына дейін 18,4 млрд. теңгеге шығамыз деген үміттеміз. Бүгінде Талдықорғанда 6588 гектар сурармалы жер бар. Онда картоп, бидай, қант қызылшасы өнімдері және күнбағыс, соя сынды майлы дақылдар өндіріледі. Мәселен, қант қызылшасына келер болсақ, 2018 жылы зауытқа 3220 тонна тәтті түбір өткізген болатынбыз. Биыл бұл көрсеткіш 6600 тоннаға өзгеріп отыр. Сонымен қатар, облыс орталығында сүт өндіретін үш зауыт, айына 35 млн. жұмыртқа шығаратын «Көгер ЛТД» құс фабрикасы, 6 бордақылау алаңы, 8 жылыжай және 11 астық қоймасы бар.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK