дереккөз

Талдықорған қалалық халықты  жұмыспен қамту орталығының  ұдайы назарда ұстайтын ерекше маңызды көрсеткіші — жыл сайын  оқу орнын бітіріп жатқан  түлектеріміздің жұмыспен қамтылуы. Расында жас мамандар келешек кәсібіне сай, сапалы білім алып, мамандығы бойынша қызметке орналасып, жұмыс жасаса, құба-құп еді. Алайда, нақты өмірде олай бола бермейді. Түлектің бірден жұмыс  тауып, қалаған мамандығымен орналасуы да оңайға соқпайды. Олар өз орнын басқа саладан  табады.  Жұмыспен қамту орталығы мамандарының айтуынша, өздеріне жүгінген жастарды қабілеті мен нарықтағы жағдайды ескере отырып, бағыттайды.

— Көбінесе, оқу орнын аяқтаған түлектердің  кәсіпорын-мекемелерге орналасу үшін алдымен олардан   еңбек өтілі сұралады. Сондықтан да, жас маман  жұмыс тәжірибесіне ие болу үшін алты айлық жастар тәжірибесінен өтуді көздейді. Бізге техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі  жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын оқу орындарын аяқтаған жастар өтініш білдіре алады. Түлектің оқуды аяқтағанына 3 жыл толмағандығы және  жас мөлшері жиырма тоғыздан  аспағандығы ескеріледі.

 Жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығымен жасалған шарт негізінде жастар практикасынан өтуге  арналған жұмыс орындарын құрады.

 Міне осылайша, жұмыссыз азамат   жұмыспен қамту орталығына келіп тіркеліп, өзіне ыңғайлы жұмыс табуына болады. Бұл мақсатта бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіледі. Оған қаламыздың ірі-ірі  кәсіпорындары, ұйым-мекемелері келіп,  сұраныс береді. Жұмыс іздеген жастар үшін мұндай шаралардың  пайдасы зор. Тікелей жұмыс беруші компания  өкілдерімен жүздесіп, екі жақты келісімге келуге болады. Түлектер алты айға еңбек шартын жасайды. Жұмыс беруші тәжірибе кезінде жас маман өзін жақсы қырынан көрсетіп жатса, тұрақты  жұмысқа қабылдауға да құқылы,- дейді   қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлмира Еркінқызы.

«Жастар  тәжірбиесінен» өту  үшін жоспар бойынша республикалық бюджеттен  жыл басында  220 түлекке 83,3 млн. теңге қаражат  бөлу жоспарланған болатын.   «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы, мемлекеттік кірістер басқармасы, «Жетісу» телеарнасы, «Қазпочта» облыстық бөлімшесі, Білім басқармасы   мекемелерінен сұраныстар түсіп, 282 түлекке жолдама берілді.  Ал,  141 азамат «Жастар  тәжірибесін» аяқтап, оның 124-і  тұрақты жұмысқа орналасты. 4 адам Қарулы күштер  қатарында борышын атқаруға шақырту алды.  Жалпы алғанда жастарды  жұмыспен қамту мақсатында 124 кәсіпорын мен мекеме келісімшарт жасасқан.

«Нәтижелі   жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың  2017-  2021 жылдарға арналған  «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағыты бойынша жүзеге асып отырған  «Жастар тәжірибесі»  жастар үшін зор мүмкіндік болып отыр.  Жұмыс іздеген жастарға серпін беріп, алдағы мақсаттарына жетуге жол  ашуда.
Диана Есімбекова   2018 жылдың  жазында  І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қаржы мамандығы бойынша оқыған. Біраз уақыт  өзіне ыңғайлы жұмыс таппаған соң  қалалық жұмыспен қамту  орталығына келеді. Мемлекеттік бағдарлама  бойынша  «Талдықорған қаласының қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне жолдама алады.  Жас маман бұл жерде  мамандығы бойынша тәжірибе жинақтайды. Мамандығының қыр-сырын түсінуге мүмкіндік алды.  Ал маусым айында «Талдықорған қаласының ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесіне   тұрақты жұмысқа орналасты.

Нұрдәулет  Шәріпханов  өткен  2018 жылдың    жазында Талдықорған политехникалық  жоғары колледжінің «Есептеу техника және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша  аяқтайды. Нұрдәулет  жастар  тәжірибесімен сынақтан өтіп қана қоймай, тұрақты жұмыс тапқан жас маман. Осы жылдың басында  «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы  негізінде «Алматы облыстық жастар ресурстық орталығы» КММ жолдамамен жіберілген ол аяқталу мерзімі бітпей-ақ, тұрақты жұмыс тапты.  «Жастар тәжірибесін өту кезінде  тәлімгердің берген тапсырмасын бұлжытпай орындадым»,-дейді.

 Жұмыспен қамту орталығына келіп өтініш білдірген  Әлия Бариева Талдықорған агротехникалық колледжінің «Есеп және аудит» мамандығында бітірген. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде «Талдықорған қаласы кірістер басқармасы» мемлекеттік мекемесіне жолдамамен жұмысқа жіберілді. Сеніп тапсырылған әр істі жауапкершілікпен атқарған маман сәуір айынан бастап   аталмыш мемлекеттік мекемеге тұрақты жұмысқа қабылданды.

 Мақпал  Ғамалиева  өткен жылы Талдықорған агротехникалық колледжінің «Есеп және аудит» мамандығы бойынша қолына  диплом алады. Талдықорған қалалық жұмыспен қамту орталығына келген ол  мамандардан кеңес алады. Жастар тәжірибесінің пайдасын түсінеді. Мақпал  «Алматы облысы мемлекеттік сәулет және құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесіне жолдамамен жіберілген еді. Көп ұзамай жас маман  осы мекемеге тұрақты жұмыс жасауға ұсыныс алды.

                                                                                     

                            

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK