дереккөз

Ел Тәуелсіздігіне 28 жыл толып отыр.  Бұл ретте, Талдықорған мемлекеттік архивінің тарихты зерделеуде орны бөлек.  Жетісу жеріндегі, оның ішінде,  Талдықорған қаласының  білім беру мекемелері — мектептер, колледж, университеттің құрылуы, ұйымдастырылуы туралы тарихи құжаттар мемлекеттік қорда сақтаулы.

Тәуелсіздік алғаннан бері мемлекеттік  тілде  оқытатын білім ошақтарының көбейгені өз алдына үлкен қуаныш.

Әрбір жылдағы  тарихи маңызы бар оқиғалар архив деректері  болып табылады. Мәселен, Талдықорған мемлекеттік архивінде І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің, Талдықорған медицина, заң, политехникалық, агро-техникалық колледждерінің құжаттары мемлекеттік сақтауда.

І. Жансүгіроа атындағы ЖМУ

Мемлекеттік архивтегі  65-қордың тарихи анықтамасына көз жүгіртсек, 1972 жылдың 25 қаңтарындағы Қазақстан КП Орталық комитеті мен Қазақ КСР Министерлер Советінің № 572 қаулысының негізінде Талдықорған қаласында педагогика институты шаңырақ көтеріпті. Мемлекеттік архивте 1973-1995 жылдарды қамтитын, 2031 сақтау бірлігі бар. Ал 1977 жылы 13 шілдеде Талдықорған педагогика институтына аса дарынды дара ақын  Ілияс Жансүгіровтің аты берілгендігі туралы да деректер бар.( ТМА, 2187-п. қ., 9 т., 27 і.,  104, 120 бб.). Сонымен қатар 1978 жылдың 6 мамырындағы Қазақ КСР Министрлер Советінің №25-28/60-20 қаулысының негізінде Талдықорған заң техникумы құрылған. Мемлекеттік архивте 1978-2002 жылдарды қамтитын, 278 сақтау бірлігі бар (254-қор) білім ордасына қатысты мәліметтер  өте құнды.

 Архивтегі көп деректердің ішінен төмендегідей бір-екі мәліметті назарларыңызға ұсынамыз:

— 1918 жылы 8 қыркүйекте  — Гавриловка селосындағы ғимаратта 2 сыныптық ерлер училищесінде үлкендерге арналған жалпы білім беру курсы сауатсыздарға арналған мектеп өз жұмысын бастады (ТМА, 200қ., 1т., 16і., 160б);

— 1920 жылы 28 ақпанда Қапал комиссариатында мәдени-ағартушылық бөлімі ұйымдастырылды   (ТМА, 9қ., 1т., 2і., 4б.).

Жалпы алғанда,  Талдықорған мемлекеттік архивінің қоры тарихи мәліметтерге өте бай. Әр жылда алыс-жақын шетелдермен қатар, өз азаматтарымызда зерттеу жұмыстарына көптеп келеді.

Осы орайда бүгінгі таңда архивтің толықтыру көздері болып табылатын тізімге сәйкес архив Талдықорған қаласының мемлекеттік органдары, ұйымдары мен кәсіпорындарына (барлығы 162) іс жүргізу мен құжаттаманы ұйымдастыруда әдістемелік және практикалық көмек көрсетіп, жетекшілік етеді. Яғни, жоғарыда аталған мекемелерден өзінің қорларын ережеге сәйкес толықтырып отырады.

 Архив қоймаларында жалпы саны 876 қорды құрайтын 273051  сақтау бірлігі мемлекеттік сақтаудағы құжат болып табылады.

  Атап айтатын болсақ, басшылық құжаттамалары, ғылыми-техникалық құжаттама (1 қор, 1306 с.б.), облыс және қалаға танымал атақты азаматтардың жеке тектік құжаттары (39 қор – 949с.б.), қала өмірінің әлеуметтік мәдени өмірін көрсететін, өнеркәсіп пен ауылшаруашылығының даму үрдісі жайлы қызықты деректері бар фото және фоноқұжаттар.

 Архивтегі жылы ескі мемлекеттік сақтаудағы құжаттар 1850-1918 жылдардағы Жетісу өлкесінің шіркеулеріндегі дін қызметкерлерінің жазбалары, ал тарихи құндылығы ерекше Кеңес билігінің құрылу кезеңін қамтитын аса құнды Талдықорған, Лепсі, Жаркент уездерінің құжаттары болып табылады. Сонымен қатар, 1923-1991 жылдардағы Талдықорған облыстық, қалалық партия және комсомол ұйымдарының құжаттары зерттеушілер мен көптеген сұраныс иелерінің қызығушылығын туғызады. Бұл құжаттардағы мәліметтер Жетісу өңіріндегі 20-шы жылдардағы сан қилы оқиғалар мен іс-шаралардан бастау алып, Кеңес үкіметінің құлауы және коммунистік партия мен комсомолдың тарауына дейінгі деректерден тұратын 63 қорды құрайтын 82187 сақтау бірліктері сақталуда.

Бұл құжаттардың негізінде архив мамандары мақалалар жазады, көрмелер әзірлейді, студенттер мен оқушыларға сабақ өткізіп, экскурсиялар ұйымдастырады.   «Архивтік анықтамалар, архивтік құжаттардың көшірмелерін немесе архивтік үзінділер беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет арнайы стандартқа негізделіп беріледі.

Болашақта да архив саласының мамандары құжаттарды есепке алу, мемлекеттік сақтау, пайдалану, яғни насихаттау жұмыстарын үздіксіз жүргізе беретіні сөзсіз.

«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек» — дейді Н.Назарбаев.

Халқымыздың тарихын, өткен жолдарын, мәдени құндылықтарын бағалай білу парыз.

                                                                                               Кенже Қанапиянова,

                                                                         «Талдықорған мемлекеттік архиві»

                                                                        коммуналдық мемлекеттік мекемесі

                                                                                                         бөлім басшысы.

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK