Алматы облысында  өкпе қатерлі дертінің алдын алуға арналған арнайы  ашық есік күні өтті. Он күнге жалғасқан шарада  Алматы және  Талдықорған қаласындағы облыстық көпсалалы аурухананың дәрігерлері  Жетісу тұрғындарына тегін медициналық  қызмет көрсетіп, 40 пен 70 жас аралығындағы 156 адамды тексеруден өткізді. Тексеру кезінде  6 адамнан қатерлі дерттің белгілері анықталды, — дейді мамандар.

Алматы аймақтық көпсалалы клиника директорының орынбасары, онколог-дәрігер Раш Шалбаеваның айтуынша, қазіргі кезде адамдар профилактикалық тексеруден өтуге онша ынталы емес. Оның үстіне  көп адамдар ауру белгілері байқалған кезде ғана дәрігер көмегіне жүгінеді. Сондықтан мұндай шаралар түрлі дертті дер кезінде анықтап, науқастың ертерек ем қабылдауына мүмкіндік береді.

Ашық есік күндері клиниканың жетекші мамандары мен білікті онкологтары тұрғындарға тегін кеңес беріп, 42 адамға ақысыз өкпеге төмен дозалы компьютерлік томография мен магниттік-резонанстық томографиялық озық аспаптар арқылы тексеру жүргізді.  Осы орайда  шылым  шегуден  бас тартқысы келген азаматтар да психологтардан келелі кеңес алды.

Аталған клиникаларда өкпе қатерлі дертімен қатар өңеш, асқазан, сүт безі обыр ауруларының алдын алу мақсатында мұндай шаралар жиі өткізіліп тұрады.  Нақты  мәліметтерге сүйенсек,әлемде өкпе рагынан қаза табатындар санының артуы бойынша 35 мемлекет көш бастап тұр. Аталған дертке ұшырататын негізгі фактор – шылым шегу. Сонымен қатар автокөліктер мен өндіріс кәсіпорындарынан шыққан улы газ қалдықтары да ауруды ушықтыра түсетін көрінеді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK