Талдықорғандағы Достық үйінде «Елім деп соққан жүрегі» атты облыстық патриоттық форум өтті. Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған салтанатты шара  Тұңғыш Президент күніне арналған. Форумға киелі Жетісу жерін мекен еткен әр ұлттың өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері, жастар және үздік өнер иелері қатысты.

Жиналған қауым алдында сөз алған Достық үйі қоғамдық келісім орталығының директоры Тәңірберген Қасымберкебаев: «Бұл шараның басты мақсаты –  Ұлт көшбасшысы ҚР Тұңғыш Презинденті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетті дамыту жолында сіңірген ерен еңбегін, өнегелі өмір жолын кеңінен насихаттап, өскелең ұрпаққа жеткізу. Сондай-ақ, жастардың ел мен жерге деген  патриоттық сезімін оятып, этностар арасында халқымыздың салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын, ана тілін, төл мәдениетін жан-жақты дәріптеп, халық шығармашылығының деңгейін көтеруге ықпал ету. Әрі бірлікті бекемдеп, достықты нығайту», -деді.

Осыдан соң Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, белгілі қоғам қайреткері Асылы Осман тәуелсіз қазақ елінің өткені мен бүгіні жайына кеңінен тоқталып,  Елбасы Н.Назарбаевтың әлемді таңдандырған сындарлы саясатының арқасында қол жеткен жетістіктерді айрықша атап өтті. Форум барысында   Тұңғыш Презиндент күніне арналған арнайы көрме ұйымдастырылып,  VIII-ші патриоттық әндер байқауына қатысқан өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты. Шара соңында  ұлттық музыка аспабының сүйемелімен ән салу және вокалдык номинациясы бойынша  өткен патриоттық әндер байқауының жеңімпаздары марапатталды.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK