Талдықорғандағы Достық үйінде Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы жетекші журналистер мен сарапшылар клубының  қорытынды отырысы өтті. Басқосуға клуб мүшелері, Жетісу жеріндегі  әрбір аудандық, қалалық, облыстық басылымдардың  бас редакторлары мен тілшілері және телеарна қызметкерлері қатысты.

Ғабит Тұрсынбайұлының төрағалығымен өткен жиында жыл бойы атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы 2020 жылдың жоба-жоспарлары кеңінен талқыланды. Нақтырақ айтсақ, халық бірлігі – тұрақтылық кепілі. Бүгінде Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын, дінін, тілін, төл мәдениеті мен тағылымды тарихын кеңінен насихаттап, бірлік пен тұрақтылық жолында қосып отырған үлесі өлшеусіз.

Жиналған қауым алдында баяндама жасаған Ассамблеяның баспасөз хатшысы Маржан Бекішева:

— 2019 жылдың қорытындысы бойынша аудандық, қалалық, облыстық, республикалық БАҚ-та бірлік пен этносаралық келісімге арналған 1200-ден астам материал жарық көрді. Соның ішінде аудандық газеттер арасында Панфилов ауданындағы  «Жаркент өңірі» газетінің  алар орны ерекше. Мәселен, газетте 11 ай ішінде  этносаралық қатынас саласы бойынша үш тілде 96 мақала  жарияланған. Міне, бұл Ассамблея тарапынан атқарылған жұмыстардың толық ақпараттанғандығының нәтижесі, — деді.

Жиын барысында қатысушылар аймақтық Ассамблея келер жылы өтетін бірнеше мерейтойлық іс-шараға белсене атсалысуға  қам жасап жатқанын жеткізді.

Осыдан соң «Единый народ» бағдарламасының авторы және жүргізушісі Наталья Белова: — «Единый народ» хабары 20 жыл бойы Алматы облыстық ҚХА-ның жұмысын насихаттап, татулық пен келісімге арналған барлық іс-шараларға белсене қатысуда. Алдағы  уақытта Ассамблеяның мерейтойлық жылына арналған  жаңа бағдарлама әзірлеу жоспарда, — деп атап айтты.

Шара соңында  үздік аудандық және қалалық  басылымдардың ұжымдарына арнайы алғыс хаттар мен естелік бұйымдар табыс етілді.

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK