Талдықорғанда 28 қараша мен 1 желтоқсан аралығында волейболдан ардагерлер арасында «Жетісу Кубогы» халықаралық турнирі өтеді. Осымен үшінші мәрте жалауын желбіреткелі отырған байрақты додаға сегіз елдің командасы қатыспақ. Бұл туралы «Jetisu Media» алаңында өткен баспасөз-мәслихатында жарыс ұйымдастырушылары мәлімдеді, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаевтың айтуынша, жарысқа Қазақстан, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейдің Тыва, Бурятия, Татарстан елдері және Орынбор қаласы құрама командалары қатысады.

«Қазақстан құрамасында мықты ойыншылар жеткілікті. Олардың қатарында кезінде «Буравестникте», «Жетісуда» және үлкен додаларда өнер көрсеткен ардагер волейболшыларымыз бар. Сондай-ақ, волейболдан спорт шебері, Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы құрама сапында бой көрсетпек. Шетелдік ардагер спортшылардан да іріктеліп, әлемдік деңгейде ойнаған мықтылары келеді. Жарыс ережесі бойынша ойыншылардың жасы 40-тан жоғары болуы тиіс», — дейді Н.Теңізбаев.

Жарыс бағдарламасына сәйкес 28 қараша күні командалар Талдықорған қаласына келіп, қонақ үйге орналасады және мандаттық комиссияның тіркеуінен өтеді. 29 қараша күні «Жастар» спорт кешенінде іріктеу ойындары басталып, сағат 12.00-де жарыстың салтанатты ашылу рәсімі болады. 30 қараша күні іріктеу ойындары аяқталып, 1 желтоқсанда сағат 13.00-де финалдық ойын және марапаттау рәсімі өтеді.

Жарыстың жүлде қоры да қомақты. Бас жүлдені қанжылаған командаға 1 млн. теңге беріледі. Екінші орынға 700 мың, үздік үштікке 500 мың теңге табысталмақ. Сонымен қатар, 8 номинация бойынша үздіктер анықталып, естелік сыйлықтармен марапатталады.

Айта кетейік, турнир Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылуда.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK