«Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай, қыстың басы, бірі ерте, біреуі жәй» деп ұлы ақынымыз Абай айтпақшы, қылышын сүйретіп, қыс мезгілі де таяп қалды. Демек, бұл – қаладағы коммуналдық мекеме қызметкерлерінің жұмысы қыза түседі деген сөз.

Соңғы күндері Талдықорғанда қар жуып, әп сәтте айналаны ақ мамыққа орап тастап еді. Осы орайда жол қызметкерлері оны дер кезінде тазалап, табиғаттың мұндай тосын сыйына қашанда әзір екендіктерін көрсете білді. Жалпы, бұл жұмыстарға 104 техника, 200-ге жуық адам жұмылдырылған. Нәтижесінде, 1000-1200 текше метр қар қала сыртына шығарылды.

Posted by Nur Kanatuly on Pühapäev, 24. november 2019

Айта кетейік, бүгінде Алматы облысының орталығында жолдардың күтімі мен оның тазалығына үш мекеме жауапты. Олардың қатарында «Шығыс-4», «N-Com Service» және «Талдықорған көркейту» сияқты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар.

Мұндағы «Талдықорған көркейту» ЖШС-і шаһардың орталық, оңтүстік бөлігін және «Шығыс» шағын ауданын тазалайды. Ал, «N-Com Service» ЖШС-і қаланың солтүстік бөлігіндегі Қабанбай батыр мен Ключевой көшесінің арасындағы аймақты, Батыс және Солтүстік-Батыс елді мекендерін қамтыса, «Шығыс-4» ЖШС-і Өтенай ауылын айналып өтіп, «Дубки», «Ащыбұлақ» демалыс аймақтарын және «Талдықорған-Текелі», «Талдықорған-Мұқыры-Үштөбе», «Талдықорған-Қызыл тас», «Талдықорған-Оқу тәжірибе бөлімшесі» сынды облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына қысқы күтім жасайды.

Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Нұр Қанатұлы келтірген мәліметке сүйенсек, жыл сайын қыс мезгілінде жолдарды күтіп ұстауға 3 700 тонна инертті материал (тұз – 925 тонна, құм – 2 775 тонна) керек екен. Оның айтуынша, бүгінде 2 340 тонна  қажетті материал дайындалған. Қар тазалайтын техникалар да жұмысқа сақадай сай.

Бір атап өтетіні коммуналдық шаруашылық мекемелері жыл сайын олардың қатарын жаңартып отырады. Мәселен, таяуда «Талдықорған көркейту» ЖШС-і жаяу жүргіншілер жолын тазалауға арнайы төрт жаңа техника сатып алған болатын. Швейцарияда жасалған машиналардың мүмкіндіктері де мол. Олар қарды тазалап қана қоймай, жолға құм мен тұзды себе алады. Бұл функциялардың барлығы автоматты режимде жұмыс істейді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK