Талдықорғанда қапшағайлық ақын Алтыншаш Жақиянованың  «Өлеңім өмірімнің өрнегісің» атты шығармашылық кеші өтті. Мәдени шараны қаламгердің  асқаралы 60 жасқа толған құрметіне Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған.

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, қарымды қаламгер,  ардагер ұстаз Алтыншаш Жұманқызы 10 жасынан қолына қалам алып, әр тақырыпта өлең жаза бастаған. Бүгінге дейін  ақынның 20-ға жуық кітабы жарық көріп, 30-дан астам сөзіне ән жазылған.

 

Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында өткен кештің шымылдығы ақынның өнері мен өмірінен өнегелі сыр шертетін арнайы бейнебаянмен түрілді. Осыдан соң,  өңір өнерпаздары ақын сөзіне жазылған әуезді әндерді асқақтата шырқаса, жас дарын иелері жыр-толғауларын жатқа оқып, көптің қошеметіне бөленді.

Сөз кезегінде Алтыншаш ханым: «Биыл жасым 60-қа толса, шығармашылықпен шұғылданғаныма 50 жыл. Халқымызда «Елу жылда ел жаңа» деген аталы сөз бар. Бастысы бұл кеште аймақтағы атқамінерлерден ешкім төбе көрсетпегенімен өлеңді сүйіп, өнерді құрметтейтін кілең жастар жиналыпты. Сондықтанда  ел ертеңі – жастар. Мен жарты ғасыр бойы әдебиет саласына сіңірген азды-көпті еңбегімді сол жастарға арнаймын. Әрі Жастар жылындағы осы бір кештің ойдағыдай өтуіне ат салысқан  азаматтарға айтар алғысым шексіз», — деді.

Кеш соңында қаламгердің «Сезімнің гүлі» атты жаңа кітабының тұсауы кесіліп, облыстық мәдениет басқармасының ықылас гүлі мен алғыс хаты табыс етілді.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK