Талапты жастарды абыройлы қызметке тарту

131
Дереккөз

Қазақстан Республикасы ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы курсанттарының қатарын толықтыру мақсатында Талдықорған қаласы бойынша білім беру мекемелерінің оқушыларына тиісті үгіттеу және аталған академияны таныстыру шаралары өтті.

Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы қазіргі таңда еліміздің ішкі істер органдарында табысты еңбек етіп жүрген жоғары білікті мамандарды дайындайтын беделді жоғары оқу орындарының бірі. Оның негізі 1969 жылы КСРО ІІМ Мәскеу жоғары милиция мектебінің базасында құрылған. Ал бүгінде курсанттарды кәсіби оқу, зерттеу және тәжірибелік тұрғыда дайындау жоғары деңгейлі оқу-материалдық және техникалық база арқылы қамтамасыз етіледі. Академияда 12 доктор, 84 ғылым кандидаты, профессорлар мен доценттер қызмет етеді. Аталмыш оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы көпжылдық тәжірибесімен, және ғылыми әлеуетімен ерекшеленеді. Осының дәлелі академияның 25–тен астам түлегі генерал атағына ие болса, оқу орнын әр жылдары аяқтаған мамандар еліміздің ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік органдарында, соттарда, прокуратурада, адвокатурада және ТМД елдерінде абыройлы қызмет атқаруда.

Осындай білім мен біліктілікке ие боламын, құқық саласындағы тәжірибелі мамандардың ізбасары атанамын деуші жалынды жастарды Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы күтуде. Жастарға мектеп жасынан бастап мамандық бойынша бағыт-бағдар беру аса маңызды. Себебі өзі қызыққан саланы ерте кезден бастап зерттеп білу, қалаған мамандығымен алдын ала танысу болашақта жақсы маман атануға ықпал етеді.

Осыны негізге ала отырып, жастардың қызығушылығын ояту мен құқық қорғау саласына тарту мақсатында Талдықорған қаласының Полиция басқармасының қызметкерлері оқушылармен кездесу өткізді. Мамандыққа бағыттауға арналған жиындар облыс орталығындағы 16 мектеп пен 2 колледжде өткізілді.

Кездесудің басты мақсаты — 10-11 сынып оқушыларына аталған жоғары оқу орны туралы жалпы ақпарат беріп, жастардың құқық қорғау салаларына деген ынтасы мен қызығушылығын ояту.

ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының өкілі Елдос Тұяқов, Талдықорған ҚПБ кадр саясаты бөлімшесінің бастығы полиция майоры Мұхит Булегенов және Талдықорған ҚПБ КСБ–нің аға инспекторы полиция майоры Қанат Бұлымбаев білімгерлермен өткен жиын барысында насихаттық жұмыстар жүргізіп, академияға түсудің шарттарын таныстырып өтті.

Үміткерлер Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына конкурстық негізде іріктеліп алынады. Оқу орнында кәсіби мамандарды даярлау күндізгі оқыту факультетінде (сотқа дейінгі тергеу және жедел криминалистикалық мамандықтары бойынша) жүзеге асырылады. Оқыту мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізіледі. Ішкі істер министрлігінің оқуға қабылдау ережесіне сәйкес, академия 16 жасқа толған және 25 жастан аспаған денсаулығы жарамды; бойы ер балалар үшін – 170 cм, қыздар үшін – 165 см; медециналық куәландыру мен дене шынықтыру даярлықтары бойынша іріктеуден өткен ҚР азаматтарын қабылдайды.

Осыдан бөлек, білімгерлер назарына жоғарыда аталған талаптар мен оқу орнына байланысты толыққанды мәлімет жазылған ақпараттық парақшалар ұсынылды. Бес жүзге жуық білімгер Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында оқу тәртібі мен шарттары туралы қолжетімді және толық ақпаратпен қамтамасыз етілді.

Мемлекет пен халықтың мүддесіне еңбек етуге құштар азаматтарды тәрбиелеу бүгінгі ұрпақтың міндеті. Асқан жауапкершілікті талап ететін абыройлы қызмет атқаруға деген талпыныстың болуы жас ұрпақ патриотизмінің көрінісі. Осылайша, елдің негізі саналатын құқық қорғау саласында қызмет етуге талабы бар жастардың көп болғаны болашаққа деген сенімді күшейтері анық!

Айсұлу Абишева, Азат Боранғазиев.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK