Талдықорған қалалық Қоғамдық кеңесі музыка мектебінің мәселесін қарастырды

82
Фото авторы А.Нұршанов

«Nur Otan» партиясының қалалық филиалында бірқатар мәселелерге байланысты Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы  өтті.

Фото авторы А.Нұршанов

Күн тәртібінде қаралған өзекті мәселенің бірі — Нұрғиса Тілендиев атындағы саз мектебінің  сенімді басқаруға өтуі. Аталмыш мектептің ұжымы жыл басында  жүзеге асырылған жәйттен хабарлары мүлдем болмағанын айтады. Жарты ғасырлық тарихы бар бұл шаңырақ облысымыздағы жалғыз классикалық  музыка мектебі. Түлектердің басым көпшілігі мәдениет саласының еңбек сіңірген қайраткері атанып, еліміздің белгілі өнер ордаларында ғана емес, сонымен қатар шет елде қызмет етіп жүр.

Фото авторы А.Нұршанов

Қазіргі таңда 400-ден астам шәкірт тәрбиелеп отырған педагогтар мектеп жеке меншікке өтсе үйірме бағасы көтеріліп кетеді деп алаңдаулы. «Бізде көпбалалы жанұяның, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының   балалары да  білім алады. Жас өнерпаздар өте талантты.  Төлем өссе, олардың жағдайы не болмақ?»-дейді. Ұстаздар мен ата-аналар музыка мектебі ешқандай табыс көзіне жатпайтынын айтып, болашақта өзге қызмет түрін көрсетер нысанға айналуы әбден мүмкін екенін алға тартады. Сол себепті белгілі күйші-композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиев есімін иемденген киелі шаңырақтың жоғалып кетпеуі үшін мемлекеттік дәрежеде қалуы маңызды екенін тілге тиек етті. Ал, шығармашылық  жолы басталған сәттен білім шаңырағына табан тіремеген, тендерде жеңімпаз атанған «Music Development» ЖШС басшысы Динара Тілендиеваға  сенімгерлік басқаруды тапсыру қисынсыз екенін айтады. Жиын соңында Қоғамдық кеңес мүшелері  аталмыш мәселе төңірегінде  Талдықорған қаласының әкіміне хат жазып, жағдайдың назарда болатындығын жеткізді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK