Талдықорғандағы  Бикен Римова атындағы драма театрда Қазақстан жазушылар Одағының және журналистер Одағының мүшесі, ақын Мақпал Мысаның «Ақ қанатты періште» атты шығармашылық кеші өтті. Алматы облысы әкімдігінің тікелей қолдауымен Жастар жылы аясында ұйымдастырылған рухани шараға елімізге танымал ақын-жазушылармен өзге де өрелі өнер иелері  қатысты.

 

Жұрт жүрегін жауһар жырларымен баураған поэзия аруы өткен жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанып, халықтың және Елбасының ыстық ықыласына бөленген еді. Мақпал Мыса – 1983 жылы 26 желтоқсанда жер жаннаты Жетісудың Райымбек ауданы, Қайнар ауылында дүниеге келген. Алғашқы өлеңдері «Толғауы тоқсан туған тіл», «Поэзия, менімен егіз бе едің?», «Өмір өрнектері», «Жас толқын» жинақтарында жарық көрген. Сонымен қатар, ақын «Алақандағы бақыт» «Мен керекпiн», «Аспантаудың Көктемі» сынды жыр жинақтарының авторы. Облыстық, республикалық деңгейде өткен жыр мүшәйрасының бірнеше мәрте жеңімпазы. Ел тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына орай Павлодар қаласында ұйымдастырылған жас қаламгерлер фестивалiнде Майра Уәлиқызы атындағы сыйлықтың иегері атанған.

Талдықорған төрінде өткен дүбірлі кештің шымылдығы өзгеше театрландырылған көріністермен түріліп, елді баурады. Онда ақынның әдеби әлемі үлкен бір қойылым арқылы суреттеліп, ерекше тебіреніспен оқылған жыр-толғаулары жұрт назарына ұсынылды.

Шара соңында ақынға Алматы облысы әкімінің арнайы ықылас гүлі табыс етіліп, ақын, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай бастаған танымал өнер жанашырлары ақ тілектерін арнады. Осы орайда ақын Бақыт Жағыпар: -«Мақпалдың мақпал жыры әр жүректі тербетті» десе, басқа да көрермендер: «Мұндай кеш бұрынды-соңды болмады» деп бағалады. Шығармашылық кеш әйгілі өнер жұлдыздарының орындауында Ақан серінің «Мақпал» атты әнімен аяқталды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK