Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды тапсырған болатын. Яғни, бұл – билік өкілдері бұқараға барынша жақын болуы керек дегенді меңзейді. Осыған орай бүгін Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Әкімнің қабылдауына жалпы 123 адам жазылыпты. Оның басым бөлігі баспана мәселесімен келген. Осы орайда Ғалымжан Райылұлы қала бойынша 17 126 адам тұрғын үй кезегінде тұрғандығын айтып, пәтерлер кезекпен беріледі деп атап өтті.

«Келесі жылы Талдықорғанда тұрғын үй құрылысы қарқын алады. Сол кезде баспана кезегі де жылдам жылжитын болады», — дейді Ғ.Әбдірайымов.

Суретті түсірген Айдын Нұршанов

Сондай-ақ, шаһар басшысының қабылдауына әлеуметтік көмек, балабақшаның төлемақысы, үйдің шатырын жөндеу, пәтерді, жеке тұрғын үйді өз атына рәсімдеу үшін көмек сұрап келгендер болды.

Одан бөлек, ауланы аббаттандыру, көше жарығы, жол, қоғамдық көлік, саяжайдағы ауыз су және жер мәселесі әкім назарына ұсынылды. Жеке тұрғын үй салу, табиғи газға қосылу, кәсіп ашу бойынша да сұрақтар қаралды.

Қабылдауға келген әр тұрғынның өтініш тілегін ескерген қала әкімі қолдан келгенше көмек көрсететінін айтып, көтерілген мәселелер шешімін табады деп тұжырымдады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK