«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ілгерілету аясында қараша айының 21 күні Бірыңғай (Ұлттық) азаматтарды қабылдау жалпы республикалық іс-шарасы өтті. Осыған байланысты, Жетісу өңіріндегі әрбір аудан, қала, облыс әкімдерімен қатар ауыл басшылары да арнайы қабылдау өткізіп, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын тыңдады.

Осы орайда, Талдықорған қаласына қарасты Өтенай ауылының әкімі Ерлан Жетібаев та жұрт сауалына құлақ түріп, өзекті мәселелерді шешуге тырысты. Ауыл әкімінің қабылдауына келгендердің бірі Татьяна Сотникова бүгінде Өтенай ауылы газ жүйесімен толық жабдықталған. Қазірге халықтың 20 пайызының үйіне газ енгізілгенімен әлі күнге газ берілмей жатқанын айтты. Ал, «Жастар-1» шағын ауылы, Қажымұқан  көшесі, 43 үйдің тұрғыны Гүлайна Машарова ауылдағы орталық кәріз жүйесінің қазылғанына  екі жылдан асса да әлі күнге жұмысы аяқталмаған. Сол себепті, қазылған орды жауып,  кәріз жүйесін іске қосып беруді сұрады. Аталған мәселелер бойынша тұрғындардың өтініш тілектеріне баса назар аударған Ерлан Нұржігітұлы әрбір өтініш бойынша аймақтағы құзырлы мекеме басшыларына хабарласып, мәселелердің оң шешімін  табуына қол ұшын беретінін жеткізді.

Еске сала кетейік, Өтенай ауылына – Еңбек, Мойнақ, Пригородный, Ынтымақ, Жастар сынды бірнеше елді-мекендер қарайды. Ауыл әкімі бұл жолғы арнайы қабылдаудан сырт әр аптаның сейсенбі, бейсенбі күндері тұрақты қабылдау өткізеді. Міне, бұл ауыл-аймақтағы халық арасында туындайтын түйткілді мәселелерді дер кезінде шешуге қолайлы,  – дейді жергілікті тұрғындар.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK