Дәрігерлер Алматы облысында АИТВ инфекциясын жұқтыру көрсеткіші жылдан жылға өсіп бара жатқандығын айтып, дабыл қағуда. Яғни, өңірде жыл сайын 300-ден астам адам ғасыр індетіне айналған дертті жұқтырып келеді. Оның ішінде балалар мен жасөспірімдер де бар. Бұл туралы «Jetisu Media» алаңында өткен баспасөз-мәслихатында айтылды, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Мамандардың айтуынша, жұқпаның 70-80 пайызы жыныстық қатынас арқылы, 17-20 пайызы есірткі қабылдайтындар арасында және 1-2 пайызы анадан балаға жұғу арқылы таралуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, әлем бойынша АИТВ инфекциясын 37 млн. астам адам жұқтырған. Оның 32 млн. астамы осы дерттен көз жұмыпты.

Ал, Алматы облысында үстіміздегі жылдың 10 айында (өткен жылмен салыстырғанда) АИТВ инфекциясын жұқтырғандар 4 жағдайға, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 2 жағдайға өсіп отыр. Облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы директорының емдеу ісі бойынша орынбасары Гаухария Уранкаева келтірген мәліметке сүйенсек, өңірде 1993 жылдан бастап, қазіргі уақытқа дейін 3401 адам тіркеуге алынған. Биыл соңғы 10 айда АИТВ жұқпасымен 278 адам тіркеліпті. Өткен жылы бұл көрсеткіш – 336 адамды құраған болатын.

«АИТВ инфекциясын жұқтырғандардың 30 пайызы көз жұмады. Ал, егер адамның бойында жұқпа пайда болған күннен бастап науқас дәрігердің бақылауына жазылып, белгіленген дәрілерді уақытылы қабылдап жүрсе, оның өмір сүру кезеңі 20, 30 тіпті 40 жыл болуы мүмкін. Яғни, бұл – адамның емді дұрыс қабылдауына байланысты. Бізде емдеу шаралары, дәрі-дәрмектердің барлығы тегін жүреді», — дейді Г.Уранкаева.

Сонымен қатар, дәрігерлер аталмыш дертке шалдыққандардың басым бөлігі жастар екендігін атап өтті. Себебі, ерте жыныстық қатынасқа түсу, есірткі пайдалану – көп жағдайда АИТВ жұқпасына алып келеді. Айтуларынша, ауру әр кезеңде әртүрлі белгілерге ие. Вирус жұқтырғаннан кейін алғашқы 2-4 аптада науқастардың 40-90 пайызы өздерін суық тигендей  сезінеді. Денесі дел-сал болып, тамағы ауырады, тоңып, үсті қышиды, ауыз қуысында жара пайда болып, лимфа бездері ұлғаяды.

Айта кетейік, егер бұл дерттен сақтанғыңыз келсе, әр жарты жылда немесе жылына бір рет ВИЧ-ке тест тапсыруды әдетке айналдырған жөн. Оның үстіне, қазақстандықтар тексерудің бұл түрінен тұрғылықты емханасы арқылы тегін өте алады.

Алматы облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарыс күрес орталығы директорының алдын алу ісі бойынша орынбасары Бағдагүл Салибекова:

Өзінің АИТВ-мәртебесін білмейтін адамдардың бұл вирусты басқа адамдарға жұқтыру қаупі жоғары. Себебі ол өзіне ғана емес, қоғамға да үлкен қауіп тудырады. 1 желтоқсан – Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні болып бекітілген. Біз осыған орай жыл сайын жер-жерде ақпараттық іс-шаралар өткізіп келеміз. Мұндағы мақсат – облыс халқының АИТВ/ЖИТС бойынша білім деңгейін көтеру, оның ішінде халықтың осал топ өкілдері, сонымен қатар жастар арасында АИТВ жұқпасының таралуын алдын алу.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK