Жыл басынан бері «Жетісу-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ауқымды жұмыстар атқарған. Нақырақ айтсақ, жобалық кеңсенің басты мақсаты — сыбайлас жемқорлықты жою және азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау. Осыған сай бұл бағыттағы жасалған жұмыстардың көрсеткіштері бойынша еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда Алматы облысы  көш басында.

Бұл туралы қараша айының  14 күні  ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы  Алик Шпекбаевтың және еліміздің әр аймағындағы облыс әкімдерінің орынбасарларының қатысуымен арнайы байланыс арқылы өткен бейнеконференцияда айтылды. Онда барлық аймақтардағы Адалдық алаңы жобалық кеңселерінің 10 айлық жұмыстары қорытындыланып,  кемшіліктер сынға алынды.

Мамандардың айтуынша, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың тікелей тапсырмасымен Жетісудың барлық аудан, қала орталықтарында жобалық кеңселері ашылған. Олар түрлі іс-шаралар өткізу арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дәріптеп, мемлекеттік билік институттарына азаматтардың сенімін нығайтуға күш салуда. Қазір аймақта 232 «Жетісу – адалдық алаңы» жоба бұрышы әзірленген. Осыған байланысты жыл басынан бері жобалық кеңсе алаңында мемлекеттік мекемелердің бірінші басшыларының қатысуымен 26 онлайн-конференция өткізіліп, облыс бойынша 25 мыңға жуық үгіт парақшасы таратылып, 148 баннер орналастырылған. Сондай-ақ, парасаттылық пен адалдық қағидаттарын насихаттайтын 20-ға жуық әлеуметтік бейнеролик түсірілген. Әрі «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсе кураторы және облыс әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшылары жобалық кеңсе алаңында азаматтарды кезекті әрі кезектен тыс қабылдап, халықтың мұң-мұқтажын тыңдаған.

Үстіміздегі жылдың 10 айында «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің кызметкерлері арнайы құрылған топ мүшелерімен бірге аймақта сыбайлас жемқорлыққа қарсы 20 мәрте тексеру жүргізген. Осы орайда, облыстағы 797 мекеме басшысы бірінші қабатқа көшіріліп, оларға 1600 шаршы метрлік аумақ қолданысқа берілген. Қазір «Open Space» форматына 96 мекеме басшысы жұмыс жасауда. Бұдан сырт 23 мыңнан астам мүшесі бар 760 «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубы тіркеліп, түрлі шаралар ұйымдастыруда.  Ал, сервистік әкімшілік осыған дейін  өңірдегі Қаратал, Көксу аудандарында құрылған. Алдағы уақытта Талдықорған қаласынан да ашу жоспарда.

Жалпы, бүгінде өскелең ұрпақты сыбайлас жемқорлықтан ада болуға тәрбиелеп, қоғамда парасаттылық, әділдік, адалдық қағидаларын қалыптастыруға аймақ жастары да  белсене ат салысуда. Оған адалдық алаңы аясында жасақталған «Жас Отан» жастар қанаты, «Парасаттылық елшілері», «Жастар»  қозғалысы  өткізген «Конвертте тек хат болуы керек», «Қарттарым асыл қазынам»,  «Ашық аспан астында мәдени арбат» сынды іс-шаралар соның дәлелі.

Қорытып айтқанда әділдік пен парасаттылық ел сенімін арттырады.  Бүгінде  «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұйытқы болуымен өткізілген әрбір шара БАҚ арқылы  жұртқа жария етіліп, аймақ басшысының тікелей бақылауы мен қолдауына ие. Мұндай жұмыстар бұдан былай да жалғаса бермек. Тікелей байланыс арқылы өткен   бейнеконференциядан соң «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Аманжол Жазықбаев ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың арнайы алғыс хатымен марапатталды.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK