2019 жылы Алматы облысының тәртіп сақшылары 175 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзу деректерін анықтаған. Оның 120 мыңнан астамы жол қауіпсіздік ережесін сақтамауға қатысты болса, 5383-і қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында.

Нақты мәліметтер бойынша, биыл аймақта 15 мың 500-ден астам жүргізуші жылдамдықты межеден асырғаны үшін заңдық жауапкершілікке тартылса, оның 1970-і ішімдік ішіп  көлік басқарған. Осы орайда, облыс орталығы Талдықорған қаласындағы құқық қорғау саласының қызметкерлері  140 жүргізушіні ішімдікке немесе есірткіге мас күйінде құрықтаған. Қала көшелерінде оннан астам жаяу жүргіншіге жол жүру ережесін өрескел бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, ұсақ бұзақылық бойынша 2275 деректі әшкерелеп, 250 жуық азаматты жауапкершілікке тартқан. Ал, осы уақыт ішінде  қалада 387 ата-анаға бала тәрбиесіндегі міндеттерін дұрыс атқармағаны үшін хаттама толтырылып, ескерту жасалған.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Серік Үпіиевтің айтуынша, облыс орталығында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 200-бабының талаптарын бұзып, алкогольдік өнімдерді сату тәртібін сақтамаудың 234 дерегі тіркелген. Сондай-ақ,  қоғамдық орында ішімдік ішіп, мас күйде болған 900-ден астам адамға тиісті шаралар қолданылған. Сонымен бірге, жалпы, облыс бойынша полицияға түнгі тыныштықты бұзу туралы 1343 қоңырау түссе, оның 682-сі облыс орталығының тұрғындары тарапынан хабарланған. Осының барлығы  түрлі  қылмыстың алдын-алып, құқық бұзушылық пен тәртіпсіздікке «нөлдік төзбеушілікті» қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан істердің айқын бір дәлелі, – деді ол.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK