Ерлік жасау үшін күшті, әрі бай болудың қажеті жоқ. Бар болғаны адамның бойында мейірімділік және жақсылық жасауға деген ниеті болса жеткілікті. Бұлай сөз қозғауымызға Талдықорғанда такси жүргізушісі болып қызмет атқаратын бір жігіттің бастан өткерген оқиғасы түрткі болып отыр.

Есімін жария етпеуді сұраған ол осыдан бірнеше күн бұрын қала ішінде күнделікті әдеті бойынша көлігімен елді тасып, бала шағасының нәпақасын тауып жүрген. Кешкі уақыт болатын. Такси жүргізушісіне қонақ үйден тапсырыс түседі. Жігіт аталған мекенжайға барған уақытта таксиді шақыртқан қарт адам екенін білген.

Анықтап қараса, қонақ үй әкімшілігі жасы 90-ға тақап қалған атаны киім кешегімен қосып, дәлізге шығарып тастапты. Оның орнына басқа біреуді кіргізген екен. Шамасы ақсақал қонақ үй әкімшілігімен келіспей қалған. Кейін қарт кісіні аяп кеткен такси қызметкері оны өзінің жалдап тұрып жатқан пәтеріне алып кетуді ұйғарған.

Бүгінде сексеннің жетеуін еңсерген Тахир Зәкірұлының бұлай қаңғып жүргеніне біраз уақыт болыпты. Жығылғанның үстіне жұдырық демекші, атаның көзі де көрмейді. Айтуынша, немересі одан бас тартып, Қапшағай қаласындағы қарттар үйіне тапсырған. Алайда, қария ол жерде көп тұрақтамай кетіп қалған. Кейін Талдықорғандағы қонақ үйлердің біріне аялдапты. Соңында қараусыз қалған егде кісі мейірімді такси жүргізушісіне жолыққан.

Біз бұл оқиғамен әлеуметтік желілер арқылы танысып, такси жүргізушінің тұрып жатқан үйіне арнайы бардық. Онда бізді әйелі қарсы алды. Атаға арнайы бір бөлмені беріп, бірге тұрып жатқандарына бес күннен асыпты. Барған бойда ақсақалмен танысып, мұндай күйге түсуіне не себеп болғанын сұрап білдік.

– Менің бір қыз және бір ұлым бар. Қызым тұрмыс құрып, өз жөнімен кеткен. Алматыда үйім бар. Сол баспанамды ұлдан туған немеремнің меншігіне өткізіп бергенмін. Кемпірім өмірден өткеннен кейін үйдегілердің маған деген көз қарастары өзгере бастады. Бір күні немерем «Сізді қарттар үйіне берейік, біздің қасымыздан кетіңіз» деп тікелей айтты. Содан осындай жағдайға душар болдым. Олар мені іздемейді, егер өліп қалғанымды естісе, қатты қуанатындарын білемін, — дейді мұңын шаға қария.

Әңгіме барысында Тахир Зәкірұлы такси жүргізушісінің көрсеткен көмегіне риза екендігін айтып, шынайы алғысын білдірді.

Айта кетейік, жеке жолаушылар тасымалымен айналысатын азаматтың бүгінде бес баласы бар. Жолдасы алтыншысына ауыраяқ. Кенже ұлдары мүгедек. Әйелінің айтуынша, оларға жалдамалы пәтерді табу қиынға соққан. Көпбалалы отбасы болған соң пәтер иелері үйлерін жалға беруден бас тартатын көрінеді. Қазір тұрып жатқан баспаналарына келген уақытта тек үш баласы бар екен айтып, үй иесіне жалған сөйлеуге мәжбүр болыпты.

Жылдам ақпарат тарататын интернеттің құдыреті шексіз ғой. Бізден кейін қалалық «Нұр Отан» партиясы филиалының қызметкері мен жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар орталығының маманы және АХАТ бөлімінің сектор меңгерушісі келіп, қарияға көмек көрсете алатындарын айтты. Олар атаны уақытша Талдықорғандағы өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарға арналған бейімдеу орталығына алып кетті. Қарияның жоғалған құжаттары қайтадан рәсімделіп болған соң, Текелі немесе Қапшағай қаласындағы қарттар үйіне орналастырмақ.

Р.S. Біз бұл оқиғаны ой елегінен өткізе отырып, бір ғана нәрсені айтқымыз келеді. Біреуге жақсылық жасап, шарапатың тиіп жатса, әйтеуір бір күні өзіңе де жақсылық жасайтын адам кезігеді. Егер жамандыққа бой алдырсаң, ол да өзіңді айналып өтпейтіні хақ. Яғни, осы жағынан алғанда такси жүргізушісін үлкен қуаныштар күтіп тұрғаны анық. Құдай мол сауаптан жазсын деп тілейміз. Ал, атасын үйден қуып шыққан немересі «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер» деген мақалды біледі ме екен? Оның жасап отырған бұл әрекеті өкінішті-ақ. Адам күні адаммен.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK