Қос сауысқан.. тағы кепсің аулама,

Жасырмаңдар, бауға ма әлде дауға ма?

Бұйымтайың осы болса қанып іш,

Су толтырып қояйын мен, қауғама…

 

Сендерді осы бір қара мен бір ақтан,

Ала қылып қалай ғана жаратқан?

Сен келгенде бұл өмірге таусылып,

Қалды ма екен бояулары таратқан.

 

Тірі жанға барма жағар бір ісің?

Маған қарап тұрған мынау тұрысың…

Қарға менен түз шымшықтан туғандай,

Түрің жаман. Әй сен осы ұрысың…

 

Жазың жайлы, қысың сені қыспайды,

Біреулерге болған кезде қыс қайғы..

Құпияңды айтшы кәне сен маған,

Сауысқандар неге топпен ұшпайды?

 

Әнің барма, айтар сенің…сызылып?

Әсем дауыс қалды ма әлде, бұзылып..

Маған емес көкке қара, сауысқан,

Тырналар да барады әне… тізіліп.

 

Ұяң сенің талда ма әлде, жарда ма,

Келсең келші, мені әйтеуір қарғама..

Көзіңді сал. Сенен артық қай жері?

Топ-тобымен ұшты құзғын қарға да…

 

Бірің шоқып бірің қарап… бақылап,

Неғып тұрсың? Жей беріңдер жатып-ап…

Көрмегендей бұрын-соңды өзіңді,

Саған қарап тұрған менде…ақымақ…

 

Кеудесінен кері итеру жат маған,

Көр соқыр боп, дұшпанымды мақтағам.

Саған қарап менде жидым есімді,

Дос таңдауда енді сендей сақ болам…

 

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK