Талдықорғанда «Жетісу көктемі» атты республикалық байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Жетісу облысы әкімінің қолдауымен қолға алынған прозашылар сайысын Жетісу «Janr» әдеби клубы, облыстық С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханасы және халық шығармашылығы орталығы бірлікте ұйымдастырған. Дүбірлі додаға еліміздің әр аймағынан 18 бен 60 жас аралығындағы 20-дан астам қаламгер қатысып бақ сынады.
Шараның мақсаты – қазіргі әдеби үдеріске серпін беру. Жас прозашыларды қанаттандыру. Қазақ әдебиетіндегі жақсы шығармалар қатарын толықтыру. Ел мәдениетіне, казақ әдебиетіне үлес қосып жүрген танымал тұлғаларымыздың шығармаларын жас ұрпаққа үлгі ету, ұғындыру, олардың патриоттық сезімдері мен азаматтық жауапкершілігін арттыруға жол ашу.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау әр жылда әдебиеттің әр жанры түрінде түрлі мерейтойлар мен айтулы оқиғаларға арналып келген. Биылғы прозалық байқау повесть жанры бойынша Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына, Сәкен Иманасовтың 85 жылдығына, Шәкен Күмісбайұлының 80 жылдығына, Қайрат Әлімбековтың 60 жылдығына арналған. Байқауда бұра тартып кетуге жол бермеу үшін автордың аты-жөні көрсетілмей әр шығарма тек нөмірмен ғана белгіленіп оқырманға және бағалаушылар назарына ұсынылған. Байқау ережесіне сәйкес, әр шығарма 40 беттен аз, 100 беттен көп болмауы шарт.
Жеңімпаздарды марапаттау салтанатында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім меңгерушісі Гүлмира Қалқабаева, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Әміре Әрін, «Жетісу» телеарнасының директоры, қарымды қаламгер Серік Әбікенұлы жүдегерлерді құттықтап, бұл бағытта ізгі ізденіспен еңбектеніп жүрген «Janr» Жетісу әдеби клубының жетекшісі Есболат Айдабосынның жұмыстарын жоғары бағалады.
Сонымен прозашылар байқауында «Қасқыр емген кейуана» шығармасымен топ жарған алматылық Самал Шаймерденова 1-орынды иеленіп, 800 мың теңгенің сертификатын еншілесе, «Мылқаудың сыры» атты повесімен Жадыра Шамұратова 2-орынға ие болды. Ал, Алматы облысынан Қанат Әбілқайыр «Алтын бала», Нұрбек Нұржанұлы «Нүкебайдың жұмбақ кітабы» туындыларымен 3-орын жүлдегері атанды.
Бұдан сырт Әлихан Жақсылыққа «Туранде сарқырамасына келген соңғы жолаушы» шығармасы үшін Кемел Тоқаев атындағы, Зиядабек Нұрасылға «Әйкеннің балтасы» повесті үшін Шәкен Күмісбайұлы атындағы, Айзат Рақышқа «Көз байланғанда» шығармасы үшін Сәкен Иманасов атындағы, Асхат Өмірбаевқа «Әблақат» туындысына «Respublica» партиясы тағайындаған Жұматай Жақыпбаев атындағы, Жанель Бураға «Бұлыңғыр» шығармасы үшін Қайрат Әлімбек атындағы, Ақлима Сапароваға «Мақтақыз» шығармасы үшін Заман Төлеуов атындағы арнайы жүлделер табысталды. Марапаттау салтанатынан соң тілшілерге сұқбат берген «Janr» әдеби клубының президенті, жазушы Есболат Айдабосын мұндай шаралар бұдан былай да жалғасатынын айтып, қазақ әдебиеті әлі талай тың туындыларымен толыға беретініне сенім білдірді.