2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілетін болады. Осыған орай бүгін Талдықорғанда қала әкімдігінің ұйытқы болуымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды тұрғындар арасында насихаттауға арналған жастар акциясы өтті. Шара барысында халыққа МӘМС жайлы түсіндірме парақшалары таратылды, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Акцияда Талдықорған қаласы әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының ақпараттық түсіндіру бөлімінің басшысы Жанат Қасымбекова сөз алып, халыққа аталмыш жүйе жайлы мағлұмат берді.

Суретті түсірген Айдын Нұршанов

Оның айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы атану үшін әрбір тұрғын өзінің емханасына немесе халыққа қызмет көрсету орталығына барып, тіркелу арқылы жеке әлеуетін анықтауға тиісті.

Яғни, медициналық сақтандыру жүйесіне қатысып, өзінің қорына ақша аударып отырған адамдар консультативті-диагностикалық көмек, оның ішінде қымбат лабораториялық қызметті және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің үстінен амбулаториялық дәрілермен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, ауруханада емделу және жоспарлы стационарлық көмекті ала алады. Медициналық оңалту мен қалпына келтіру кезеңінің соңғы сатысында емделу де осы жүйенің ішінде.

Өз кезегінде сөз алған Талдықорған қалалық емханасы салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының маманы Жұпар Смағұлова МӘМС артықшылықтарын айтты. Дәрігердің сөзінше, осы жүйеге тіркелу арқылы адамдардың емделу кезіндегі шығыны азаяды және медициналық көмектің сапасы жақсарып, қолжетімділігі артады.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жұмыссыз жүрген, емханаларда тіркелмеген адамдар және өзінің әлеуеті анықталмағандар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан көмек ала алмайды. Тек кепілдендірілген медициналық көмекті және шұғыл көрсетілетін қызметтерді ғана тегін ала алады. Оған жедел жәрдем, санитарлық авиация, созылмалы ауруы барларды бақылау және шұғыл көрсеткіштер бойынша стационарлық көмектің орнына көрсетілетін қызметтер жатады.

Мамандардың айтуынша, бүгінде көптеген адамдар МӘМС тұрмақ, қарапайым өзінің емханасында тіркелмеген. Кейбірі мекен-жайын ауыстырған. Осы адамдар алдағы уақытта ыңғайсыз жағдайға тап болмасы үшін қазірден бастап тіркеуге отырғандары жөн.

Медициналық сақтандыру қорына қаражатты кім, қанша көлемде құяды?

Қазір жарнаны жұмыс беруші аударып отыр. Сомасы жалақы көлемінің 1,5%-ын құрайды. 2020 жылы бұл сома 2%-ға көбейеді. 2020 жылдан бастап жұмысшыларға 1 пайыз көлеміндегі жарнаны табысынан төлету жоспарланып отыр. Алайда бұны олар өз бетімен төлемейді – жұмыс беруші айлығынан ұстап қалады да, қорға аударады. Алға қарай жұмысшының жарнасы табысының 2 пайызға дейін ұлғаяды.

Ал, азаматтардың төмендегі 15 санатына (шамамен 11 млн адам) қорға жарнаны мемлекет аударады:

  • Балалар;
  • Ресми тіркелген жұмыссыздар;
  • Жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;
  • Баласы үш жасқа толғанша оны тәрбиелеуіне байланысты уақытша жұмыс істемей отырған баланың заңды өкілдерінің бірі;
  • Жүктілік және тууға байланысты, жаңа туған баланы асырап алуына, сондай-ақ бала үш жасқа толғанша баланы күтуге байланысты уақытша демалыста отырған баланың заңды өкілдерінің бірі;
  • Мүгедек баланы бағып отырған жұмыс істемейтін азаматтар;
  • Бала кезінен бастап І топтағы мүгедек баланы бағып отырған жұмыс істемейтіндер;
  • Зейнетақы төлемдерін алушылар, соның ішінде ҰОС қатысқандар мен мүгедектер;
  • Қылмыстық атқаоу жүйесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар;
  • Тергеу изоляторында отырған бас бостандығынан айырылғандар;
  • Жұмыс істемейтін оралмандар;
  • «Алтын алқа», «Күміс алқа» немесе «Батыр ана» атағын алғандар, сонымен бірге І және ІІ деңгейдегі Ана даңқы орденінің иегерлер;
  • Мүгедектер;
  • Орта, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі, жоғары, сонымен қатар ЖОО кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімде оқитын тұлғалар;
  • Атаулы әлеуметтік көмекті алатын жұмыс істемейтіндер;

Толық ақпаратты https://fms.kz/kk сайтынан білуге болады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK