Кеше Талдықорған қаласы әкімдігі мен ардагерлер ұйымы және демеушілер арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Мұндағы мақсат – Елбасының «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру аясында кәсіпкерлердің қолдауына сүйеніп, қоғамдық ұйымдардың қызметін жандандыру.

Басқосуда сөз алған Талдықорған қаласының әкімі Бағдат  Қарасаев: «Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған бұл бастаманың маңызы зор. Себебі, бүгінде аймағымызда ардагерлер ұйымының атсалысуымен ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ,  жастарға патриоттық тәрбие беру, ұлт құндылықтарын дәріптеу, береке-бірлікті сақтап, қарапайым халықпен  қарым-қатынасты  нығайтуда ақсақалдарымыздың еңбегі ерекше. Қазір қалада 22 мыңға жуық  зейнеткер тұрады. Оның 38-і  Ұлы Отан соғысының майдангері болса, 2500-і тыл еңбеккері. Осыған байланысты облыс орталығында 11 ардагерлер ұйымы құрылған. Бүгінгі бастама сол бірлестіктерге жан-жақты қолдау көрсету арқылы өңірдің дамуына ортақ күш қосу» — деп атап көрсетті. Осыдан соң тараптар үшжақты келісімге қол қойып, бірлесе жұмыс жасауға дайын екендіктерін білдірді.

 

Айдын КӘЛІМХАН.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK