Бүгін Талдықорғанда 300-ге жуық жастың қатысуымен күзгі марафон өтті. Жарысқа жоғарғы және арнаулы орта білім беретін оқу орындарының оқытушылары мен білімгерлері қатысты, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Салтанатты шарада ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Жандос Жұмабаев, І.Жансүгіров атындағы ЖМУ тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Болат Сериев және қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділет Рымтаев сөз алып, ұйымдастырылып отырған жарыстың маңыздылығын кеңінен атап өтті. Артынша, марафон қатысушыларына сәттілік тілеп, жылы лебіздерін білдірді.

Суретті түсірген Айдын Нұршанов

Жетісу мемлекеттік университетінің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Болат Сериев:

— Елбасы Н.Ә.Назарбаев биылғы жылды жастар жылы деп жарияласа, қазіргі Президентіміз Қ.Тоқаев 2020 жылды еріктілер жылы деп шешім қабылдады. Мұның барлығын жастарға жасалған үлкен құрмет деп білеміз. Сондай-ақ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев бір жыл бұрын «Саналы ұрпақ» жобасын қолға алған болатын. Одан бөлек, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мемлекеттік туды қолдау мақсатында «Менің Туым, менің Отаным!» патриоттық акциясын бастаған. Осының аясында және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Күзгі марафон-2019» шарасын ұйымдастырып отырмыз.

Марафон қатысушылары І.Жансүгіров көшесінің айналма жолынан бастап, Нұр-Сұлтан даңғылымен орталық алаңға дейін жүгірді. Жарыста 18 бен 29 жас аралығындағылар өзара бақ сынады.

Сайыс қорытындысы бойынша, ер қызметкерлері арасында бас жүлдені Мұқатай Ерасыл ұтып алды. Ал, қызметкер әйелдер арасында Мадина Алекбаева мәре сызығын бірінші болып кесті.

Сонымен қатар білімгерлер арасындағы бәсекеде ер балалардың ішінен Данияр Орманғали топ жарып шықса, қыздар арасынан Мадина Каримованың мерейі үстем болды. Жүлдегерлерді Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекова құттықтады.

Жеңімпаздар диплом, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK